Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 26 тамызда Жамбыл облысындағы оқ-дәрілер қоймасында болған өртті сөндіру кезінде алған жарақаттарынан Тараз ауруханасында бір әскери қызметкер қаза болды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
2021 жылғы 7 қыркүйекте Тараз қалалық ауруханасында 26 тамызда Жамбыл облысындағы оқ-дәрілер қоймасында болған өртті сөндіру кезінде алған жарақаттарының салдарынан 28349 әскери бөлімінің әскери қызметшісі 1983 жылы туған капитан Ерлан Рысқұлбекұлы Қырғызәлиев қайтыс болды. Ол оқ-дәрілерді сақтау бөлімінің бастығы лауазымын атқарған болатын. Қоймадағы өртті жоюға кіріскен алғашқылардың бірі болды, - делінген хабарламада.
Қорғаныс министрлігі марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.
Айта кетейік, 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде сағат 19:00 шамасында қоймалардың бірінің жанында өрт шықты. Жарылыс салдарынан 13 адам қайтыс болды.
BAQ.KZ ұжымы да қайтыс болған жауынгердің жақындарына көңіл айтады.