Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында айтты.
Атқарылып жатқан барлық шараларға қарамастан, облыста жыл басынан бері 707 жол көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 133 адам қаза тауып, 1063 азамат әртүрлі жарақат алған екен. Мұның 175-і республикалық жолдарда, 102-сі жергілікті жолдарда, 430-ы елді мекен көшелерінде болды.Өңірдегі автожолдардан 22 авариялық-қауіпті аймақ анықталған. Алайда, жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі жүргізушілердің тәртіпсіздігінен болып тұр. Олардың басым бөлігі жылдамдық режимін асыру, маневр жасау, қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу құқықбұзушылықтарға саяды, - деді Жәнібеков.
Сондай-ақ ол жол-көлік оқиғаларының шоғырланған аймақтары бойлық бейінде көрінуді шектемейтін тікелей учаскелер екенін атап өтті.
Жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында құзырлы органдармен бірлесіп, жол қозғалысын ұйымдастырудың қазіргі заманғы техникалық құралдарын енгізудің жоспары әзірленген. Оның ішінде республикалық маңызы бар автожолдарға шулы жолақтар салу, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өтпелеріне жарықтандыру және жарық модульдерін орнату, көлік құралдары бұрылу орындарына, жүру бөлігінде орналасқан жол өтпелерінің тіректеріне жол буферлерін орнату, жарық диодты катафоттар мен жарық шағылыстырғыштарды бөлу жолағына қою, авариялық-қауіпті учаскелерге шет елдердегідей жарық маяк ілу сынды шаралар бар, - деді ол.