Жамбыл облысында орналасқан республикалық маңызы бар күре жолдардың бойында модульдік үлгідегі қызмет көрсету нысандары салынуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жергілікті инвесторлар есебінен республикалық маңызы бар А-2 "Алматы-Ташкент-Термез" жолының бойында модульдік үлгідегі жаңа тоғыз қызмет көрсету нысаны салынды.
Оның алтауы қолданысқа берілсе, қалған үшеуі алдағы уақытта ашылмақ.
Нысандар Жамбыл облысындағы Кенен, Аспара, Алғабас, Ақыртөбе, Ақшолақ, Нұрлыкент және Шақпақ ата елді-мекендерінің қасында орналасқан. Мәселен, жаңа модульдік типтегі қызмет көрсету нысаны А-2 "Алматы-Ташкент-Термез" республикалық маңызы бар жолының "Тараз-Қайнар" учаскесінің 437 шақырымында (Ақыртөбе аулының маңы) салынып, қолданысқа берілді. Мұнда туристер мен республикалық трассаларды пайдаланушылардың ыңғайы үшін барлық жағдай жасалған. Жол бойында орналасқан қызмет көрсету нысаны ерлерге, әйелдерге және ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған жеті абаттандырылған санитарлық-гигиеналық тораптан, екі душ кабинасынан және сауда алаңынан тұрады. Нысанның сыртында тұрақ аймағы мен демалыс алаңы орналасқан, - делінген "ҚазАвтоЖол" ҰК хабарламасында.
Қызмет көрсету нысанының жалпы ауданы 120 шаршы метрді құрайды. Жол бойында орналасқан қызмет көрсету нысандарын салу барысында қолданылатын модульдік конструкциялардың бірқатар артықшылығы бар.
Мәселен, модульдік тәсіл өндірістік және монтаждау жұмыстарының мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар оларды қолдану барысында бірыңғай стилистикалық және жоспарлау шешімі қолданылады, тиісінше олар туристер, инвесторлар және жол пайдаланушылары үшін анағұрлым тартымды. Консультациялық және әдістемелік көмекке жүгіну үшін шағын және орта бизнес өкілдері "ҚазАвтоЖол "ҰК" АҚ бірыңғай тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 қысқа нөмірі бойынша қоңырау шала алады.