Жамбылда табиғи чипстер өндіріледі

31 Қаңтар 2020, 21:22
3010
Бөлісу:
Жамбылда табиғи чипстер өндіріледі

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбылдық Гүлфайруз Рахметова есімді жас келіншектің жаңа кәсіпті бастаудағы негізгі мақсаты – балаларды пайдалы тағаммен қамтамасыз ету. Сол үшін жемісті чипстер шығаруды қолға алған.

Чипстерді жақсы көрмейтін бала жоқ шығар, сірә. Өзімнің де үш балам бар. Сондықтан олардың жейтін тағамының әрбіріне ерекше көңіл бөлемін. Ал ғаламтор бетін ашсаңыз, картоп, ірімшік қосылып жасалған чипстардың зиянды тұстарын оқығанда, денеңіз түршігеді. Қарапайым картоптан-ақ жасалған чипстер акриламид деген улы канцероген бөледі екен. Ал акриламид – рак ауруына апаратын төте жол. Мұндай чипстер, әсіресе болашақ ана – қыздарымызға өте зиян, - деген кәсіпкер қыз мақсатым миллионер болу емес, неғұрлым халқымызға пайдасын тигізіп, елімізде отандық өнімдер қатарын көбейту екенін айтады.
Бізде ол үшін барлық мүмкіндіктер бола тұра, неге соны ұтымды пайдаланбасқа деп қынжылады Гүлфайруз. Шетелдің химиялық заттар қосылған, құрамы белгісіз тауарларына қымбат болса да, елітіп тұрамыз.

Оның пікірінше, қазір мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік беріп, жастарды қолдап жатыр. Өзі де осы кәсіпті бастамас бұрын "Атамекен" ҰКП-ның «Бастау бизнес» жобасы бойынша дәріс алған. Қолға алған жобасын ғаламтордан көріп, бүге-шігесіне дейін зерттеген, балаларға еш зияны жоқтығына көз жеткізген.

Сөйтіп жобамды қорғап шығып, 1,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алдым. Аппаратын Қытайдан сатып алып, міне, осымен үшінші ай түрлі жемістерден, оның ішінде алма, апельсин, банан, киви, ананас, тіпті қарбызға дейін бір күннің ішінде қытырлақ чипс етіп дайындап бере аламыз. Ешқандай қоспа қоспаймыз, барлығы табиғи. Тіпті алмаға дейін ешбір дәрі-дәрмек қосылмай өсетініне көз жеткізіп, жергілікті, шаруа қожалығымен келісіп сатып аламыз. Цитрусты жемістердің де Қытайдан шыққандарына жоламаймыз, – дейді Гүлфайруз Рахметова.
Негізгі мамандығы мұғалім Гүлфайруз Жамбыл облысындағы Байзақ ауданы Құмжота ауылының тұрады. Айтуынша, жемісті чипстер – алғашқы кәсібі емес. Қолынан іс келетін келіншек 2016 жылы 2 қызды жұмысқа алып, шағын тігін цехын да ашқан екен. "Еркетай" деп аталған бұл цехта нәрестелерге киім тіккен.

Өзім алғаш рет ана атанғанда шақалағыма алған киімдердің көбі кигізгенде ыңғайсыз болды. Бірінің алды дұрыс жабылмайды, бірінің мойны дегендей. Сосын өзімнің және сіңлімнің қолынан тігін тігу келетін болған соң, тағы бір қыз алып, тәуекел етіп, Тараздан бір бөлмелі пәтерді жалға алдық. Тігін машиналарын сатып алып, несиесіз, өз қаражатымызға істі бастап кеттік. Бірақ мен ол кезде бизнеске ешбір білімсіз келген едім. Оны қалай сату, істі жүргізу, келісімшартқа отыру дегендерден мүлдем бейхабармын. Содан не керек, матасын Қырғызстаннан әкеліп, біраз киім тіктік. Оның ішінде жөргектер, нәрестеге перзентханадан шығарарда кигізетін, орайтын киімдері, біраз дүние бар. Сосын базарға апардық. Ал  онда барлығы дерлік қырғыздар. Біздің тауарымызды алғылары келмейді. Өздерінің Қырғызстаннан алатын бағасымен берсем де, көнер емес. "Біз өз елімізден әкелеміз. Өзіміздің қырғыздарымыздан ғана аламыз" деді. Болмаған соң жұбайым біраз тауарды Нұр-Сұлтанға апарып сатты. Ол жақта тауар өтті, бірақ жеткізіп беру жағы қиын әрі шығыны көп болды. Ол кезде жаспыз, тәжірибе жоқ, күйеуім де тік мінезді. Бір жылдан соң банкрот болдық та, қолды бір сілтедік, - деп ағынан жарылды жас кәсіпкер.

Гүлфайруз содан соң аз ақшамен онлайн бизнес жасай бастайды. Тапсырыс жинап алып, интернет арқылы тапсырыс береді, келген соң таратып береді. Десе де, бұл да оған аздық етеді. Сосын ізденіп, қазақтың, шетелдің кәсіпкерлерінің өмір жолдарын оқып, онлайн тренингтерге қатысып, онлайн университеттерде оқиды. Ютубтағы тегін видеоларын қарап, кітаптарын сатып алады. Осылайша кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруге тырысып бағады. "Бастау бизнестің", "Жас кәсіпкер" деген онлайн курстың сертификаттарын алып, қазіргі ісіне ден қояды.

Әрине, қазір де қиындықтар кездесуде. Көтерме бағамен сатып алатын нүктелер таппай жатырмыз. Қаладағы ірі супермаркеттерге барып, ұсынып көріп едім, олар "Мұны көп адам білмейді, жарнамасы аз, өтуі қиын болады" деп шығарып салды. Тағы бір супермаркет жауабын енді беру керек, – деді кәсіпкер келіншек.

Чипстер 35-50 грамдық қалташаға салынған, бағасы да қолжетімді. Бір қалташаға жұқалап тілінген 3-4 жеміс сыйып кетеді. Бұл дегеніңіз, бір бала мультфильм көріп отырып-ақ, сол мөлшердегі витаминдерді бойына сіңіре алады деген сөз. Ал 3-4 алманы оларға бір күнде жегізе алуымыз екіталай.

Гүлфайруз Абдуллақызының мұнан да басқа идеялары көп. Болашақта "Отандық" деген дүкен желілерін ашып, онда тек қана жергілікті жердің өнімдерін, табиғи заттарды сатқысы келеді.

Қашанғы шетелдің заттарын ала береміз? Өзіміздің бар дүниелерімізді неге жарнамалай алмаймыз, қолданбаймыз? Мен балаларыма мүмкіндігінше тек  отандық заттарды алуға тырысамын. Өздеріне де шетелдің заттарын алдыртпаймын. Өйткені шетелдіктер, әсіресе Қытай ешқашан бізге бірінші сортты тауарын жібермейді. Біздің халық соны түсінсе екен, - деді ұлтжанды келіншек.

Өзгелердің жаңалығы