Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысындағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4,4 млн га құрайды. Бұл туралы ӨКҚ алаңында өткен брифингте облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жарылқасын Айтақов баяндады.
Айтақовтың айтуынша, бүгінде мемлекеттік орман қоры жерлері облыс жер аумағының 30,8 пайызын, ал орманды жерлері 15,47 пайызын алып жатыр.
Биылғы 7 ай қорытындысымен мемлекеттік орман қорында рейдтік іс-шараларды орындау барысында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған 46 азаматқа хаттама толтырылып, 715,4 мың теңге айыппұл өндірілді, - деді ол.
Ол атағандай, жыл сайын мемлекеттік орман қорын өрт қауіпті маусым бойы Мойынқұм ауданында орналасқан «Қазавиа орман күзеті» РМК-ның 1 ұшағы мен 1 тік ұшағы арқылы әуеден бақылау-мониторинг жұмыстарын жүргізеді.
Сондай-ақ жыл сайын өрт қаупі жоғары маусымда мемлекеттік орман қоры жерлерінде 34 өрт бақылау мұнаралары орнатылып, өрт қауіпті аумақтардағы 61 бекетте тәулік бойына кезекшіліктер құрылады. Қазіргі уақытта мекемелер бойынша 258 өрт жасақтары және орман қорғау қызметкерлерінен құрылған өрт сөндіруші топтарда 557 адам жұмыс атқаруда, - деді ол.
Айтақов брифинг барысында спикер орман қорында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрттің алдын алу жөніндегі профилактикалық іс-шара жоспары бойынша 11154,5 шақырым минералдандырылған жолақтарға күтім жасау жұмыстары жоспарға сай орындалғанын атап өтті.