Жамбылда медицианалық мамандардың тапшылығы жүйелі түрде шешілуде

21 Ақпан 2022, 18:29
2521
Бөлісу:
Жамбылда медицианалық мамандардың тапшылығы жүйелі түрде шешілуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожинмен  кездесті.

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуде 2020 жылы Жамбыл облысының әкімдігі мен С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университеті арасындағы меморандум міндеттерінің орындалуы, университетінің Жамбыл облысы бойынша филиалының жұмысы туралы айтылды.

Аймақ басшысы денсаулық сақтау саласы кадрларын үздіксіз кәсіби дамытуды жетілдіру, білім алушылардың жаңа технологияларға қол жеткізуін қамтамасыз ету арқылы медициналық білім беруді жаңғырту және дамыту саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізу мақсатында ыңтымақтастық туралы меморандумның маңыздылығын атап өтті.

Құжат шеңберінде денсаулық сақтау саласындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ету бойынша ісшаралар жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, Университеттің клиникалық кафедралардың профессор-оқытушылар құрамы, ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтары өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдарына консультациялық, емдеу-диагностикалық көмектер көрсетті, ауыр науқастарға теле-медицина бойынша 200 ден аса кеңестер өткізілген.

Денсаулық сақтау ұйымдарында 20 резидент практикалық оқытудан өтсе, медицина қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру бойынша есепті жылы жалпы 262 медицина қызметкері біліктілігін арттырды. Олардың ішінде 140 дәрігер, 122 медбике бар.

Өткен жылы Университетті бітірген 78 маман Жамбыл облысына жіберілген.

Жергілікті атқарушы органның грантымен Университетте жоғары білімі бар кадрларды даярлау үшін жалпы медицина мамандығы бойынша 32 білімгер, жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау үшін 50 дәрігер резидентурада оқиды.

Біздегі ақпарат бойынша, қазіргі таңда университетте Жамбыл облысынан 105 студент оқиды, ағымдағы жылы әр түрлі мамандықтармен 51 бітіруші өңірімізге келеді деп жоспарлануда, -деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі өңірде дәрігерлер тапшылығы 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 есе төмендегенің, дегенмен есепті кезеңде 169 бірлік маманның қажет екенін атап өтті. Биыл 30 маман бойынша сұраныс жолданған.

Тапшы дәрігерлердің басым бөлігі жалпы практикалық дәрігер, анестезиолог-реанимотолог, психиатр, сәулелі диагностика, невропатолог, акушер-гинеколог, педиатр, травмотолог-ортопед, неонатолог, онколог, реабилитолог және тағы да басқа терең білімді мамандар.

Өз кезегінде ректор Талғат Нұрғожин ынтымақтастықта жұмыс жасап, қолдау білдіріп отырған облыс басшылығына алғысын жеткізіп, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

Ол 1 жыл ішінде филиалға 58 млн. теңге инвестиция салынғандығын, ол көрсеткіш биыл 68 млн. теңгеге артатындығын жеткізді.

​- 24 студент университеттің грантымен оқуда. Олар бітірген соң облысқа қайта жіберіледі. Филиалдағы 21 мұғалім қайта оқытудан өтуде. Біз алдағы уақытта аудан, ауылдардағы медбикелерді де қайта даярлаудан өткізуді көздеп отырмыз, - деген Т. Нұрғожин қазір смартфон арқылы университет базасында тәжірибелерін арттыруға барлық жағдай жасалғанын айтты.

Облыс әкімі атақарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Медициналық қызметтің сапасын арттыру – басты талап екендігін атап өтіп, қайта оқыту барысында ақ халаттылардың мәдениетін арттыруға да барынша көңіл бөлу керектігіне тоқталды. Облыста денсаулық сақтау нысандарының техникалық базасын арттыру, биыл барлық ауданды КТ аппаратымен қамту бойынша қолға алынған шараларға да назар аудартты.

Бердібек Сапарбаев жергілікті билік тарапынан барлық қолдаулар жалғасатынын жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы