Жамбылда МӘМС есебінен тісін емдететіндер көбейген

17 Маусым 2023, 13:40
788
Бөлісу:
Жамбылда МӘМС есебінен тісін емдететіндер көбейген
Фото: Артём Чурсинов - архив

Биыл Жамбыл облысы бойынша тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында және МӘМС жүйесінде қызмет көрсетуге 108 денсаулық сақтау мекемесімен келісім-шарт жасалған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Жамбыл облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Ғайни Аймағанбетованың айтуынша, 108 нысанның 38-і мемлекеттік мекеме болса, 70-і жеке меншіктегі орталық. Ол осы жылы өңір халқына медициналық көмек көрсетуге 115 425 681 мың теңге бөлінгенін де жеткізді. Мұның ішінде міндетті медициналық сақтандыру жүйесінен 49 466 055 мың теңге қаралған.

Былтыр Жамбыл облысы тұрғындарына 41 897 774 мың теңгеге, алдыңғы жылы 37 086 214 мың теңгеге қор есебінен медициналық көмек көрсетілген. Бұл ретте, МӘМС жүйесі енгізілгенге дейін өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің бюджеті 52 387 099,5 мың теңге болғанын айта кеткен жөн. Ал қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 4 еседен астам өсті. Денсаулық сақтауды қаржыландырудың айтарлықтай ұлғаюына байланысты міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде медициналық көмектің қолжетімділігі де артты. Емхана деңгейіндегі консультациялар мен диагностикалық қызметтердің қатары жыл сайын жиілеп келеді, - деп түсіндірді жауапты маман.

Оның айтуына қарағанда, қазір МӘМС қаражаты есебінен адамдар бұрын тек ақылы түрде қол жетімді болған медициналық қызметтерді де ала алады. Үш жыл бұрын қымбат диагностика азаматтардың жекелеген санаттарына ғана тегін болды және жеткізушілер іс жүзінде жоқ еді. Бүгінгі таңда Жамбыл облысында 19 компьютерлік томография аппараты, 11 МРТ қондырғысы жұмыс істейді.

Спикер былтыр аймақ тұрғындарына 470 580,9 мың теңгеге 77 238 компьютерлік томография қызметі, 604 256,1 мың теңгеге 70 568 МРТ қызметі көрсетілгенін атап өтті.

МӘМС қаражаты есебінен қаржыландырылатын тағы бір бағыт – азаматтардың жекелеген санаттарына стоматологиялық көмек көрсету. Бұл қызметке соңғы уақытта тұрғындардың сұранысы арта түскен. Мәселен, өткен жылы қор стоматологиялық клиникалардың көрсеткен қызметіне 2 101 859,2 мың теңге ақы төлеген.

Сонымен қатар, медициналық оңалтудың маңыздылығын атап өту қажет. Жарақаттар мен ауыр дерттерден кейін адам әдеттегідей өмір салтына оралып, жоғалған қабілеттерін қалпына келтіруі керек. Кейде адамдар емдеудің бұл кезеңдерін елемейді, қымбат және қол жетімді емес деп қателеседі. Медициналық сақтандыру қоры Жамбыл облысының тұрғындарын оңалту мақсатында 4 519 880,3 мың теңге бөлген, - деді Ғайни Аймағанбетова.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Жамбыл облысында халық саны 1 маусымдағы жағдай бойынша 1 221 318 адамды құраса, олардың 942 275-і сақтандырылған. Яғни, халықтың 77,2 пайызы медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу құқығына ие. Жалпы, медициналық ұйымдарға 1 169 171 тұрғын тіркелсе, 52 043 азамат әлі де емханаларға тіркелмеген.

Ал «Сақтандыру» ақпараттық жүйесінің мәліметінше, сақтандырылмаған тұрғындар саны – 279 043 адам. Бұл өңір халқының 30 пайызға жуығын құрайды. Мәселен, ағымдағы жылдың басында облыста сақтандырылмаған 290 198 тұрғын болса, бұл ретте сақтандырылмаған азаматтар санын азайту бойынша динамика 11 155 мыңға жуық адамға кеміген.

Сақтандырылмаған халықтың құрамында 42 446 жалдамалы жұмыскер, 6 451жеке кәсіпкер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша қызмет көрсететін 6 185 адам, 12 180 БЖТ төлеуші, 4 120 дербес төлеуші, 156 301 адам соңғы 12 айда ешқашан жарна төлемеген не болмаса МӘМС жүйесіндегі мәртебесі анықталмаған, - деді жауапты маман.

Оның сөзінен білгеніміздей, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске қосылған «Аңсаған сәби» бағдарламасы да міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жүзеге асырылуда. 2019 жылы бұл бағытта 100 квота бөлінсе, 2021 жылғы квоталар саны 245-ке жеткен. Ал былтыр 263 квота, биылға тағы 245 квота бөлінген.

2019 жылдан бері жасанды ұрықтандыру шараларын жасауға бөлінетін квота саны 2,5 есеге өсіпті. Биылдың өзінде Жамбыл облысы көлемінде бедеулік бойынша есепте тұрған 1 691 әйелдің 245-і немесе 12,5 пайызы МӘМС есебінен жасанды ұрықтандыру жасатады.

Тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі шеңберінде 2019 жылы жоғары технологиялық медициналық көмекке 3 960 адам жүгініп, 1 150 524,9 мың теңге игерілді. Қор есебінен 2021 жылы 2 189 430,0 мың теңгеге 558 науқас емделді, 2022 жылы 2 281 170,7 мың теңгеге 550 адам медициналық көмек алса, мұның ішінде қор есебінен 2 181 478,6 мың теңгеге 535 адам ем-шара қабылдады. Биыл 2 486 311 мың теңгеге 528 емделу жағдайы тіркелді. 510-ы қор есебінен 2 352 364,3 мың теңге жұмсады, - деп түсіндірді спикер.

Ауылды жерлерде тұратын халықты бастапқы медициналық диагностикамен қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын бөлінетін қаржы көлемін ұлғайту да міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгелі бері мүмкін бола бастады. Кеңес беру, мамандандырылған медициналық көмек, диагностикалық зерттеулер көрсетуге мүмкіндік беретін жылжымалы медициналық кешеннің қызметі әр тұрғынға сақтандырылған мәртебесі бар-жоғына қарамастан, қолжетімді әрі тегін. Өйткені, дәрігерлердің қабылдауы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС шеңберінде жүргізіледі. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Жамбыл облыстық филиалының 10 аудандық көпбейінді орталық ауруханасымен жасаған келісім-шарты негізінде 2023 жылы жылжымалы медициналық кешеннің жұмысына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті бойынша 661,1 млн теңге, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде 269,1 млн теңге қарастырған.

Ғайни Аймағанбетова былтырғы күзден бастап Қазақстанда міндетті профилактикалық тексерулердің қатарына ауыл тұрғындарының скринингі кіргенін еске салды. Енді ауыл тұрғындары 18 жастан бастап скринингтен өтеді, ертеректе бұл тексерулер 30 жастан басталатын. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарына арналған скринингтік тексерулердің қатары асқазан-ішек жолдары мен простата безінің ауруларын анықтаумен толыққанын айта кету керек. Осы жылы Жамбыл облысында ауыл тұрғындарын профилактикалық тексерулерді қаржыландыруға медициналық сақтандыру қорынан 576,2 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.

Айта кету керек, бүгінде көптеген адамдар медициналық сақтандыру жүйесінің не екенін білмейді немесе толық түсінбейді. Қордың 1406 байланыс орталығына келіп түсетін азаматтардың өтініштері адамдардың МӘМС жүйесінің қағидатын білмейтінін және түсінбейтіндігін көрсетеді. 1 маусымнан бастап 1406 байланыс орталығы 1414 біріңғай байланыс орталығына ауысты. Ондағы операторлар сағат 9.00-21.00 аралығында жұмыс атқарады. Өкінішке орай, кейбір азаматтар жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің жарналары мен аударымдарында зейнетақы қорына ұқсас жинақтау жүйесі бар деп ойлайды. Бұл өз кезегінде «Біздің ақшамыз қайда кетеді?» деген сыңайдағы көптеген сұрақтарды тудырады. МӘМС жүйесі мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың ортақ жауапкершілігі қағидаттарына негізделген. Бұл ретте мемлекет экономикалық белсенді емес халық үшін, жұмыс берушілер жалдамалы жұмыскерлері үшін, жұмыскерлер және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар өздері үшін жарна аударады. Бұл жүйеде жарналар жиналмайды. «Менің жарнам маған ғана жұмсалсын» деген қағида да жоқ. Бүгін сіз өзгелерге көмектесесіз, ертең сізге бәрі көмектеседі, - деді ол.

Тағы айта кетерлігі, жыл басынан бері Жамбыл облысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалына 76 өтініш пен шағым түскен. Өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда шағымдар мен өтініштер санының 37,7 пайызға төмендеуі байқалады. Өтініштердің негізгі себептері медициналық көмектің сапасыз көрсетілуімен, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен уақтылы қамтамасыз етілмеуімен, медицина қызметкерлерінің қызметтік этика мен деонтологияны сақтамауымен байланысты.

Өзгелердің жаңалығы