Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 18 қазанда Мойынқұм ауданының ЖПҚ табиғатты қорғау полициясы тобының қызметкерлері Мойынқұм ауылының 44 жастағы тұрғынының басқаруындағы «Газель» маркалы автокөлігінің шанағының ішіндегісін тексеру барысында 2 текше сексеуіл табылды.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 339-бабының 1-бөлігі (сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеу қозғалды.
Тәркіленген сексеуіл процессуальдық шешім қабылданғанға дейін Мойынқұм ауданының орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің қоймасына сақтауға тапсырылды.
Биологиялық сараптама тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
2004 жылдан бастап әрекет ете бастаған шектеу және тыйым салу шараларына қарамастан, сексеуіл өсімдігінің жойылып кету қаупі бар. Алдағы уақытта жоғалып кеткен түрді қалпына келтіру жұмыстарымен айналыспас үшін қазір ең түбегейлі шаралар қабылдау қажет. Бүгінгі таңда сексеуіл Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген және жойылу қаупінде тұр. Мойынқұм ауданының ұсталған тұрғынына үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады, немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, немесе сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, немесе үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру, мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыру жазасы көзделеді, – деп хабарлады ПД ЖПҚБ табиғатты қорғау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Мақсат Мадимаров.