Жамбылда «Көне Тараз күмбірі» атты фольклорлық ансамбльдер конкурсы өтеді

14 Шілде 2021, 09:32
2871
Бөлісу:
Жамбылда «Көне Тараз күмбірі» атты фольклорлық ансамбльдер конкурсы өтеді

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында мәдениет, руханият салаларын ілгерілетудің кешенді шараларын әзірлеп, нақты жолдарын көрсетіп берді. Соның аясында Жамбыл облысында ілкімді істер қолға алынып, жүзеге асырылуда.

Аймақтағы әкімдіктің Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбайдың айтуынша, «Архив-2025» жобасы аясында құжаттарды электронды цифрлы форматқа көшіру мақсатында А2+ форматты планетарлы сканер, 2 планшетті сканер және МФУ сканер сатып алуға 25,0 млн теңге бөлінген.

Бүгінде өңірде мәдениет, архив мекемелерінің саны 538-ді құрайды. Оның 27-сі басқармаға қарайтын болса, қалған 511-і Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне бағынысты. Биыл Жамбыл облысындағы мәдениет саласын қаржыландыруға 7,5 млрд теңге бөлінді. Былтыр бұл көрсеткіш 7,1 млрд теңге болатын. Өзімізге қарасты мекемелердің іс-шаралар ұйымдастыруына қаралған қаржы – 100 млн 400 мың теңге, - деп атап өтті басқарма басшысы.

Жауапты маман былтыр «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 3 нысанның құрылысы, 5 нысанның күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталғанын айтты. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына сәйкес Жамбыл ауданынан Қаракемер ауылдық клубы бой көтерген және тағы бір мәдени нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Тараз қаласының іргесіндегі Жалпақтөбе ауылында 180 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілді. Енді «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 4 нысанның, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасымен 2 нысанның құрылыстары басталмақ.

Биыл екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығына орай шопанның атындағы Мойынқұм аудандық музейіне жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Оған 22 378,5 мың теңге қаралып отыр. Бүгінде облыста 194 мәдениет үйі мен клуб тұрғындарға мәдени-көпшілік қызмет көрсетіп келеді. Ол мекемелердің 162-сі типтік ғимаратта орналасса, 32 клуб бейімделген ғимаратта жұмыс атқарады. Олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға жыл басынан бері жергілікті бюджеттен 29 670 мың теңге бөлініп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді, - деді Ерлан Нұрманұлы.

Оның сөзіне қарағанда, кейінгі жылдары аймақ басшылығының қолдауымен мәдениет саласының жұмысы жүйеленіп, көптеген мәдениет ошақтары жөндеуден өтке, материалдық-техникалық базасы да жақсарған. Мәселен, мұндай жұмыстарға 2018 жылы 226 711,7 мың теңге қаралса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 72 998,8 мың теңге болған. Ал былтыр аталған бағытқа 92 242,8 мың теңге жұмсалса, биылдыққа 29 670 мың теңге бөлініпті.

Е.Жүнісбай Жамбыл облысы аумағында 274 мемлекеттік кітапхана бар екенін айтты. Олардағы кітап қоры 3 695 684 дананы құрайды екен. Оның ішінде мемлекеттік тілдегісі 1 950 548-ге жеткен. Биыл өңірдегі кітапханалардың кітап қорына барлығы 84 млн 467,9 мың теңгеге 34 841 дана басылымдар келіп түскен. Мұның басым көпшілігі қазақ тіліндегі кітаптар.

Бүгінгі таңда облыстағы кітапханалардың 267-сі интернетке қосылғаны. Қалған 7 рухани орталықтың бұл проблемасын спутник антенасын орнату арқылы шешуді көздеп отырмыз. Барлық кітапханалар компьютермен қамтылып, автоматтандыру бағытында РАБИС, АИС-СБРК, АБИС, КАБИС бағдарламаларының «Каталогтаушы» модулі бойынша жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 139 ауылдық округте кітапханалар жанынан 204 цифрландырылған ақпараттық және коворкинг орталықтары ашылған. Жыл басынан бері олардағы cao-zhambyl.kz сайты арқылы 3 780 сұраныс қанағаттандырылды, - деді жауапты маман.

Ол биыл республикалық «Рухани қазына - 2021» фестивалінде Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының қызметкері Ербол Бегимов «Үздік кітапхана қызметкері» атанғанын сүйіншіледі. Осы шарада Тараз қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы «Ж.Жабаев - 175» арнайы номинациясымен марапатталған.  

Ерлан Нұрманұлы өңірдегі театрларда 9 215 көрерменге 125 қойылым ұсынылғанын да айтты. Мәдени ошақтардың репертуарларын толықтыру мақсатында әртүрлі жанрда 9 жаңа қойылым сахналанған. Оның 4-уі А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрына тиесілі болса, қалғанын орыс драма театры қойған. Аталған театр ұжымдары көшпелі қойылымдармен Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Т.Рысқұлов аудандарында гастрольдік іссапарлар ұйымдастырыпты. Қазан айында Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының құрылғанына 85 жыл толады екен. Мереке аясында Тоқпановтың танымал шәкірттерін шақырып, «Асқар Тоқпанов – тұңғыш кәсіби режиссер, талантты актер, ұлы ұстаз» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция және театрландырылған композициялық қойылым дайындау жоспарланып отырған көрінеді. Ал, орыс драма театры Ресейдің Керчь қаласында өткен халықаралық «Боспорские Агоны» фестиваліне қатысып, «За верность международному фестивалю античного искусства» номинациясын иеленіпті.

К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның құрамындағы шығармашылық ұжымдар жыл басынан бері 123 концерт өткізіп, 35 877 көрерменді қамтыды. Биыл филармония тарапынан дарынды жастарды қолдау, орындаушылық шеберліктерін шыңдау мақсатында халық ақыны, әнші, композитор Кенен Әзірбаев атындағы «Шырқа, даусым» Х республикалық дәстүрлі әншілер конкурсы телевизиялық форматта онлайн өтті. Іс-шара барысында «Шырқа, даусым» атты СД жинақтың тұсауы кесілді. Топтамаға енген 3 дисктің алғашқысы «Күй мен жырым ағылсын, Ел-жұртымның бағы үшін» деп аталса, екіншісі «Қосылған қоңыр қазға ән мен үнім» деп аталады. Оған Кенен атаның өз орындауындағы туындылары, өнер майталмандарының арнау әндері мен күйлері кіріккен. Ал «Шырқа, даусым» атты үшінші жинақта елімізге танымал әншілер мен өнер ұжымдарының, К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы әртістерінің, «Шырқа, даусым» конкурсына қатысқан өнерпаздардың орындауындағы Кенен атаның өлең-жырлары мен әсем ән-күйлері бар, - деді басқарма басшысы.

Ерлан Жүнісбай күз айларында «Көне Тараз күмбірі» ІІ республикалық фольклорлық ансамбльдер конкурсы өтетінін мәлімдеді. Оған ұсынылған көне Тараз бен Жамбыл өңірін суреттейтін жаңа әндерден «Жамбылым – ән бесігім» атты партитуралар мен CD жинақ шығарылмақ. Сондай-ақ, Алматы қаласында облыстан шыққан өнер жұлдыздары мен облыстық филармония әртістерінің қатысуымен «Тараздан Тәуелсіздікке тарту» атты мерекелік концерт жоспарланған. Бүгінде өнер ұжымы аталған іс-шараға дайындық үстінде.

Жыл басынан салада ұйымдастырылған іс-шаралардың барлығы жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына арналды. Мысалы, Жамбыл облыстық мемлекеттік архивінде «Жаһанға мәшһүр жауһар жыры даңғыл» атты дөңгелек үстел өтсе, Жамбылтану орталығында «Жыр дүлдүлі – Жамбыл» көрмесі ашылып, «Айтыстың ақтаңгері, өлең жырдың дүлдүлі» атты Жамбылдың шөбересі Мұратхан Жамбыловпен кездесу ұйымдастырылды, «Жамбыл – дүлдүл, Кенен - бұлбұл» атты концерт пен «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысы да көпшіліктің есінде қалды, - деді спикер.

Осы жыл ішінде ақын, драматург Иранбек Оразбаевтың (Иран Ғайып) «Жамбылдың қызыл жолбарысы» атты драмасы бойынша жаңа қойылым дайындап, премьерасын өткізу, «Жамбылым – ән бесігім» CD жинағын шығару жоспарланған. Сондай-ақ маусымда «Баласағұн» орталық концерт залында М.Мақатаевтың 90 жылдығына орай Алматы облыстық М.Мақатаев әдеби-мемориалды музейінің қорынан жылжымалы көрме жасақталыпты, ол Жамбыл облыстық музейде бір апта бойы келушілер назарына ұсынылған.

Биыл өңірдегі музейлерде орналасқан 110 707 экспонатты 6 932 келушілер тамашалап, 661 экскурсия, түрлі тақырыптарда 113 көрме ұйымдастырылды, 10 музейдің виртуалды турлары әзірленген. Ақпан айында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Мажар-Қазақ «Barsz» қорының бастамасымен «Түркі халықтарының рухани құндылықтары және Мандоки Қоңыр мұрасы» атты халықаралық ғылыми-танымдық онлайн-конференция өтті. Халықаралық музей күніне орай өткен «Музей түні» мәдени-білім беру акциясы нәтижелі болды. Сондай-ақ, Алматы қаласы музейлер бірлестігінің «МузейFEST-2021» республикалық онлайн шарасының «Үздік экскурсовод» конкурсында бірінші орынды жамбылдық экскурсовод Айдана Мекемова жеңіп алды, - деді Е.Жүнісбай.

Өңірдегі тарихи және мәдени ескерткіштерінің жалпы саны 3 448-ді құрайды екен. Оның 741-і мемлекеттік тізімге алынған, 25-і республикалық дәрежеде, 5-уі ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік Мәдени мұра» тізіміне алынып, халықаралық дәрежедегі ескерткіштер мәртебесіне ие болған. Ерлан Нұрманұлының айтуынша, ескерткіштерге қатысты бірқатар шешімін табуды қажет ететін мәселелер бар екен. Айталық, аймақтағы ескерткіштердің тұрақты жер пайдалану мемлекеттік АКТ-сінің толықтығы туралы зерделеу жұмыстары жүргізілгенде, тастұғырлардың 2 792-сінің аталған құжаттары алынбағаны анықталған. Қазіргі таңда 656 ескерткіштің тұрақты жер пайдалану құжаттары бар. Ал Ұлы Отан соғысына арналған ескерткіштерге жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде 197 тастұғырдың 185-інің құжаттары түгелденген. 12 ескерткіштің құжаттары толық болмай, 11 ескерткішке аббаттандыру жұмыстары қажет екендігі белгілі болыпты.

Жамбыл облыстық кино орталығының қорында маңызды, құндылығы жоғары фильмдер сақталған. Олардың қатарында ленталы 130 көркем фильм, 43 деректі фильм, 39 мультипликациялық топтамалар бар. Өңірде 2 кинотеатр, клубтар мен мәдениет үйлеріндегі 22 киноқондырғы, 10 «Зерде» бейнемобильдері халыққа кино көрсету жұмысын атқарып келеді. Былтыр бұл салада 1 көркемфильм, түрлі тақырыптарда 25 бейнероликтер жасалды. Кино орталық тарапынан жыл басынан бері 4 деректі фильм – «Құс бегі», «Тоғыз құмалақ», «Ат әбзелдері: ер-тұрмандары», «Көкпар», 5 бейнероликтер түсіріліп, әлеуметтік желілерде 65 көркем, деректі, анимациялық фильмдер мен бейнероликтер көрсетілді. Қазіргі уақытта Ж.Жабаевтың 175 жылдығына орай ақын өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильм түсіру жұмыстары қолға алынды. Оның бюджеті 11 млн теңгені шамалайды, - деді басқарма басшысы.

Жамбыл облысында 12 мемлекеттік архив бар екен. Ол мекемелердегі 4 562 қорда 946 100 құжат сақтауда тұр. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында өңірдегі мемлекеттік архивтердің 156 031 құжатының 15 202 078 парағы сандық форматқа көшіріліпті. Ерлан Нұрманұлының мәліметінше, аймақтағы архив саласында бүгінгі күні 3 337 қызметкер жұмыс істейді.

Облыстың мәдениет мекемелеріне мамандарға қажеттілік 2021-2022 жылдарға 129-ды құрайды. Бізге кітапхана ісінің маманы, аспаптық орындаушылық және музыкалық эстрада өнері, эстрада-аспаптық ансамбльінің, хордың, би ансамблінің, драма театрының, цирктің әртістері керек», - деген Е.Жүнісбай ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жыл бойы бірқатар ауқымды жобалар іске асырылатынын жеткізді. 

Олардың қатарында Түркістан облысындағы Жамбыл облысының күндері, Жамбыл облысындағы Алматы облысының күндері және Алматы облысындағы Жамбыл облысының күндері, «Театр - өмір айнасы» халық театрларының республикалық фестивалі, «Тәуелсіздік – елдіктің алтын тұғыры» республикалық тарихи-танымдық конференция, «Ұрпақтар сабақтастығы: тарих пен болашақ жамбылдық суретшілердің көзімен» атты көрме-байқауы, «Тәуелсіздікке тарту» атты салтанатты концерт және тағы басқалар бар.

Сонымен қатар биыл тұрғындардың мәдени-рухани сұранысын қанағаттандыру, ұлттық өнерімізді дәріптеу мақсатында да ауқымды жобалар жоспарланған. Олардың ішінде композитор Ілия Жақановтың 85 жасқа толған мерейтойына орай мерекелік шараны, халық композиторларының – Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Әбілахат Еспаев, Ескендір Хасанғалиев, Әсет Бейсеуов, Сейдолла Бәйтереков, Кеңес Дүйсекеевтің ән фестивалдарын, «Домбыраның қос ішегі» атты Жамбыл облыстық дәстүрлі өнер байқауын, «Өнер көзі - халықта» атты халық шығармашылығы фестивалін атап айтуға болады.

Өзгелердің жаңалығы