Жамбылда колледждерді оңтайландыру қарқынды жүргізілуде

31 Қазан 2020, 22:19
2356
Бөлісу:
Жамбылда колледждерді оңтайландыру қарқынды жүргізілуде

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысындағы 46 колледжде биылғы оқу жылында 23 700 студент білім алып жатыр. Оның ішінде 39 арнаулы орта оқу орнында 19561 студент қашықтықтан оқып жатса, 7 колледжде 1298 студент штаттық режимде оқуда.

Бұл туралы жергілікті әкімдіктің білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов айтып берді. Арнаулы оқу орындарында қашықтықтан оқыту zhambyltipo.kz (36 колледж) пен dhmc.zhambyl.kz (1 колледж) интернет сайттары арқылы жүзеге асырылады екен.

Шалғай аудандар мен моноқалаларда орын тепкен, контингенті 200-ден аспайтын 7 колледжде 1300-ге тарта студент штаттық режимде білім алуда. Оның 110-ы колледждердің жатақханасында тұрады. Сонымен қатар, биыл «Жамбыл-Типо-Сабақ» YouTube каналы ашылып, онда жетекші білім ошақтарының 189 бейнесабағы жүктелді. Коронавирустық пандемияға байланысты жатақханалардағы студенттер үйлеріне жіберілсе, 23 студент Жамбыл облыстық жасөспірімдер үйіне орналастырылды, - деп атап өтті Талғат Салқанұлы.

Оның сөзінше, 2020-2021 оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріне 258 компьютер алу жоспарланып, қазіргі таңда оның 121-і сатып алынған. Ал қалған 137-сі жылдың соңына дейін жеткізіледі деп жоспарлануда. Қашықтықтан оқытуды тиімді ұйымдастыру мақсатында 13 колледжддің тарыпынан студенттерге уақытша қолдануға 60 ноутбук үлестірілген. Қазіргі таңда студенттер арасында компьютерік техникаларға ешқандай қажеттілік жоқ.

Сонымен қатар, өңірдегі 46 колледжде қызмет атқаратын 1799 педагог IT-курстан өткендігін айтқым келеді. Биылдан бастап аймақта еңбек нарығында сұранысқа ие 100 мамандықты және жаңа кәсіптер даярлауды көздейтін «100/200» қағидатымен «Жас маман» жобасы жүзеге асырылуда. Осы шараның аясында облыстағы металлургия, өнеркәсіп, IT-технология, қызмет көрсету салаларында кадрларды даярлаудың негізгі бағыттарымен 11 колледж анықталды. Соның ішінде 5 білім ошағына биылдың өзінде республикалық қазынадан 1 млрд 720 мың теңге қаржы бөлінді, - деген басқарма басшысының орынбасары енді ол колледждер халықаралық стандарттар бойынша маман даярлайтынын да айтты.

Жауапты маманнан білгеніміздей, аймақтағы WorldSkills стандартына сай техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде (химия, энергетика, құрылыс, механатроника, машина жасау бағыттары, агрономия, ветеринария) құзыреттілік орталықтары құрылыпты. Бұл жұмыстар да «Жас маман» жобасы бойынша жалғасын табады екен.

Талғат Жамалов бүгінгі таңда студенттердің сапалы білім алуы үшін колледж ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізу де басты мәселелердің бірі екенін алға тартты. Осы орайда, Жамбыл облысындағы 5 колледжге күрделі жөндеу жұмыстарын жасау үшін 1,5 млрд теңге қаражат бөлінген. Олардың ішінде Тараз сервис және технология колледжінде, Абай атындағы Жамбыл гумманитарлық колледжінде, №12 Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжінде күрделі жөндеу жұмыстары қазіргі таңда толықтай аяқталды. Ал, Құлан агротехникалық жоғары колледжінің күрделі жөндеу жұмыстары қараша айында бітеді деп күтіліп отыр. Сондай-ақ Жамбыл инновациялық колледжінде жоспарға сәйкес құрылыс жұмыстары жалғасуда. Байзақ ауданының орталығы – Сарыкемер ауылындағы №3 колледж ғимаратына жапсарлас спорт зал мен асхана салынып жатыр екен. Бұл нысандар да жылдың соңына дейін пайдалануға берілмек.

Соңғы 3 жылда Жамбыл облысындағы техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде контингент өсімі байқалмайды. Десе де білім ошақтарында бір салаға бейімдеу, оңтайландыру жұмыстары қарқынды жүргізілу үстінде. Мәселен, осы мерзімде 5 колледжде қайталанатын 10 мамандық – бастауыш білім беру, есеп және аудит, тігін өндірісі, кәсіптік білім беру, заңгер, мұнай және газ технологын, дене тәрбиесі мұғалімін, электрмен қамтамасыз ету, есептеу техникасын оқыту тоқтатылды. Сонымен қатар 11 колледжде 67 біліктілік лицензия қосымшасы кері қайтарылды, - деді жергілікті білім беру басқармасының өкілі.

Талғат Салқанұлының айтуынша, сәйкесінше, кезең-кезеңімен колледжерді оңтайландыру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, былтыр №14 Талас колледжі Қаратау құрылыс техникалық колледжіне, №18 Ақыртөбе колледжі Құлан агротехникалық колледжіне қосылған. Құлан агротехникалық жоғары колледжіне заманауи үлгідегі қондырғылар орнатылып, жылыжай, мал дәрігерлік клиникасы ашылғаны тағы бар. Алдағы уақытта бұл жұмыстар Талас, Сарысу аудандарында да жалғасын таппақ.



Өзгелердің жаңалығы