Жамбылда картоп жинау науқаны аяқталып қалды

4 Қазан 2021, 17:15
2686
Бөлісу:
Жамбылда картоп жинау науқаны аяқталып қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысындағы Жуалы ауданының шаруалары картоп дақылын егуге бейімделіп, биыл бақша көлемін 2 660 гектарға жеткізген.

Соңғы бес жылмен салыстырғанда, егістік көлемі 600 гектардан асып отыр. Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, осы күзде 64 мың тоннадан астам картоп жиналады деп күтілуде. Бүгінгі таңда 90%-ы жиналып үлгерген.

Жуалылық дихандар жоғары репродукциялы картоп тұқымдарын егіп, жыл сайын егіс алқабының белгілі бір көлемін жаңартып отырады. Осы мақсатта биыл да Қарағанды облысынан 944 тонна, Қостанайдан 560 тонна, Ресей Федерациясынан 700 тоннадай элиталы және І, ІІ репродукциялы картоп тұқымдары жеткізілген.

Сонымен қатар ауа райы мен жергілікті топыраққа бейімделген өз өнімдерінің де тұқымдарын егіп, мол өнімге қол жеткізуде. Жыл сайын жамбылдық шаруалар Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараз қалалары мен аудан орталығындағы жәрмеңкелерге қатысып, картоп өнімдерін нарықтағы бағадан 20-30 пайызға төмен сатып, тұрғындарды қамтамасыз етуде. Аудан көлемінде 144 шаруашылық агротехникалық шараларды сақтай отырып, мол өнімге қол жеткізген және артық өнімдерін жәрмеңкелерге шығарып өткеруде.

Жамбылда картоп жинау науқаны аяқталып қалды

Жуалыда картоп өндірісін дамыту мақсатында «Тараз» ӘКК арқылы 116 млн теңге қаржыға 50 ауылшаруашылық техникасы сатып алыныпты. Оның 15-і жаңа LOVOL-904 тракторлары. Бүгінде аталған техникалар науқанды жұмыстарға тартылып, өз нәтижелерін беруде. Жаңа техника алушыларға «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Тараз» ӘКК қаржы институттары қызмет көрсетуге әрдайым дайын. Сондай-ақ Үкіметтік қолдау, яғни инвест субсидия арқылы шаруашылықтар 50 пайыздық жеңілдікке ие бола алады. 

Ауданда кепілдендірілген дизель отынын тарату қызметтерін атқаратын «Ақ қайың» ЖШС арқылы 2021 жылдың көктемгі дала жұмыстарына 2 417 тонна, күзгі дала жұмыстарына 1 690 тонна кепілдендірілген жанармай бөлініп, шаруаларға литрі 168 теңгеден таратылуда. Бүгінде 200 тоннадай қалдық бар. 

Биылғы құрғақшылық ауылшаруашылық дақылдардың өніміне әсер еткені белгілі. Бірақ суармалы жерге егілген картоп, көкөніс дақылдары Ақсай, Көксай және Тихий каналдары арқылы ағын сумен жүйелі түрде суарылып отырды. 

Өзгелердің жаңалығы