Жамбылда бюджет туралы ақпараттың ашықтығын қалың жұртқа жариялау төмен деңгейде

9 Қыркүйек 2020, 18:15
1651
Бөлісу:
Жамбылда бюджет туралы ақпараттың ашықтығын қалың жұртқа жариялау төмен деңгейде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халыққа қолайлы орта қалыптастыру, мемлекет қазынасынан бөлінген әр тиынға есеп беріп, қоғам назарына жариялап, ақпаратты қолжетімді ету үшін Жамбыл облысында семинар кеңес өткізілді.  

Ел Президенті Қасым Жомарт Тоқаевтың Жолдауында басымдық берген тапсырманың бірі - ашықтықты қамтамасыз ету. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясының өзегі де осы. Мемлекеттік органдар мен олардың бағынысты ұйымдарының жауапты қызметкерлеріне бюджеттің ашықтығының маңыздылығы, оны жүзеге асырудағы түйткілді мәселелерді дер кезінде алдын алу керек. 

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті мен «Жамбыл адалдық алаңы» жобалық офисі «Бюджеттің ашықтығын қамтамасыз ету» тақырыбында баяндама жасап, жұмыс барысында қажет ететін нұсқаулықтар әзірлеген. Жиынға Жамбыл облысы әкімдігінің Экономика және бюджеттік жоспарлау және Қаржы басқармасы, мемлекеттік мекеме өкілдері, БАҚ қатысты. Сондай-ақ, республикалық «Zertteu Reserch Institute» қоғамдық қорының сарапшысы Ғалымжан Оразымбет қонақ ретінде шақырылды.

Алдымен «AntikorLive» жобасы аясында шақырылған лектор Ғалымжан Тұралыұлы мен «Жамбыл адалдық алаңы» жобалық офисінің жетекшісі Назима Жувандикова тікелей эфирге шықты. Онда екі жылда бір рет жүргізілетін зерттеу қорытындылары бойынша Жамбыл облысының бюджет ашықтығының ахуалымен таныстырып, қатысушылар мен әлеуметтік желі қолданушыларының сауалдарына жауап берді. 

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, бюджет туралы ақпараттың ашықтығын қалың жұртқа жариялау төмен деңгейде. Интернет ресурстарында толық және тиянақты, уақытылы жарияланбайды. Мемлекеттік және ресми тілде болуын да қамтамасыз етпеген. Осы және өзгеде сұралымдар бойынша өңірдің қазынасы бұқараға жабулы қазан деңгейінде қалған. Жоспарлау, бекіту, орындау, есеп беру кезеңдерін сараласақ, ақсақ тұстары көп, - делінген хабарламада. 

Оқыту семинарға жалғасқан отырыста бұл кемшіліктерді жою жұмыстары қолға алынды. Департаменттің аға офицері Жазылбек Алдабеков «Ашық бюжеттердің интерактивтік картасы» жобасы аясында атқарылған жұмыстарды тізіп берді. Әсіресе, осы бағыттағы шаралар мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық, көрсетілетін қызмет сапасының төмендігі, бөлінген қаражат туралы ақпараттың қолжетімсіздігі, мемлекеттік мекемемен кері байланыс қиындығы, жұмыстың аяқталу мерзімі мен көлемінің беймәлімдігін алдын алып, жоюға бағытталған. Аға офицер Жазылбек Рахманбердіұлының сөзіне сүйенсек,  Жамбыл облысы әкімдігінің басқармасына бағынысты 61 мекеме 2020 жылғы бюджетті толтыру барысында бірқатар қателікпен салған немесе мүлдем салмаған.

Мысалы, Дін істер басқармасынына бағынысты «Дін зерттеу орталығы» КММ 2020 жылға бюджетті ашқанымен оған тиесілі құжаттарды көрсетпеген. Одан басқа, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына бағынысты 10 мекеменің 8-і қателіктермен, ал қалған 2 мекеме бұл - «№4 Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мен «Қордай аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу» мүлдем ашпаған. Яғни, басқарманың бірде-бір мекемесі талапқа сай толтырмаған. Денсаулық сақтау басқармасынан «Шу қалалық ауруханасы» мен «Жамбыл облыстық тіс емханасы» мекемелері 2020 жылдың бюджеті туралы ақпаратты мүлдем көрсетпеген. Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына бағынысты 3 мекеме де 2020 бюджетті мүлдем көрсетпеген. Бұл «Т.Рысқұлов ауданының мұрағаты», «Ш. Уәлиханов атындағы облыстық кітапхана» және «Д. Қонаев атындағы балалар-жасөспірімдер кітапханасы». Аталған мекеменің жауапты қызметкерлеріне толық ақпараттық нұсқамалар беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді, - делінген ведомство мәліметінде. 

Еске сала кетейік, оқу семинар Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының тапсыры бойынша ұйымдастырылған.

Өзгелердің жаңалығы