Жамбылда баспана құрылысына берілген жерлер қайтарылады

22 Ақпан 2019, 12:12
2560
Бөлісу:
Жамбылда баспана құрылысына берілген жерлер қайтарылады

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Облыста жеке баспана құрылысына берілген 2 мыңнан астам жер телімі мемлекетке қайтарылады. Бұл жөнінде Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов өңір тұрғындары алдында есеп беру жиынында мәлімдеді.

«Мал шаруашылығында облыстың ерекшелігін ескеріп, етті экспортқа шығаруды қолға алдық. 3 мың тонна ет, оның ішінде 1,6 мың тонна қой еті экспортталды. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 5 есеге көп және республика бойынша экспортқа шыққан қой етінің 43%-ын құрайды. Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 183 кәсіпорын жұмыс істейді. Бірақ, жүктемелері төмен. Оған шикізатпен тиімді қамтамасыз етілмеуі бірден-бір себеп болып отыр», - деді Асқар Мырзахметов.

Ол осы орайда, 1,5 мың қосалқы шаруашылықтарды біріктірумен 55 кооператив құрылғанын атап өтті.

«Нәтижесінде 12 мың тонна өнім өндірілді және кәсіпорындардың жүктемесі 10% артты. Осы тектес кооперативтерді барлық ауылдық округтерде құру негізгі жоспардың бірі болып отыр. Жалпы салаға мемлекеттік қолдауды 16 млрд теңгеден 20 млрд теңгеге жеткіздік. Соның арқасында қолдау алушылардың саны 1 300 тауар өндірушіге көбейді», - деді облыс басшысы.

Асқар Мырзахметовтың ақпаратына сәйкес, облыс бойынша 106 адам «7-20-25» мемлекеттік баспана бағдарламасына қатысуға өтініш білдірген. Әкім бұл көрсеткіштің аз екенін және осы бағыттағы жұмыстарды үдету қажеттілігін баса айтты.

«Құрылыс саласында 124 нысан салынып, 482 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 21% артық. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 1 673 отбасыға 28 тұрғын үй пайдалануға беріліп, инженерлік инфрақұрылымның 38 жобасы іске асырылды. Сондай-ақ, 39 үйдің жаңғыртылуы нәтижесінде жөндеуді қажет ететін үйлер саны 20% төмендеді», - деді облыс әкімі

Оның айтуынша, бұл қарқын осы жылы да жалғасып, тағы 2 мыңға жуық отбасы баспаналы болады.

«Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысына берілген 8 275 гектар көлеміндегі жер телімі инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Өңірдегі жеке тұрғын үй құрылысына берілген жер телімдеріне талдау жүргізіліп, нәтижесінде, 2 262 учаскі 3-4 жыл бойы бос жатқаны анықталды. Бүгінгі күні заңнамалық тұрғыда мұндай жерлерді қайтарып, кезекте тұрған басқа азаматтарға беру жұмыстары басталды», - деді Асқар Мырзахметов.

Бұған дейін Асқар Мырзахметов Жамбылдағы үдемелі бақ аумағы кеңейетінін айтқан болатын.

Ақмарал ШАҒАТАЙ

Өзгелердің жаңалығы