Жамбылда әскери қалашықтарды дамыту мәселелері талқыланды

4 Сәуір 2023, 16:41
827
Бөлісу:
Жамбылда әскери қалашықтарды дамыту мәселелері талқыланды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов облыс әкімдігінде Гвардейск әскери қалашығының инфрақұрылымын дамытуға арналған жұмыс кеңесіне қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерболат Ыбырайхановтың және басқа да жергілікті атқарушы органдары лауазымды тұлғаларының қатысуымен өткен кеңесте Гвардейск елді мекеніндегі су құбырларын қайта жаңарту, қазандық құрылысы, жылу және газбен жабдықтау жүйелерін салу жоспарын орындау мәселелері қозғалды.

Кеңесте қазіргі уақытта газ құбырын салу үшін жер учаскелерін таңдау жұмыстары жүргізіліп жатқаны да айтылды. Жоспар бойынша газ құбырларының ұзындығы 50 шақырымнан асады, тұтынылатын газ көлемі сағатына 5 мыңнан астам м3 құрайды.

Сондай-ақ, жаңа қазандық салу үшін ауданы 1,6 га жер учаскесі таңдалып отыр. Жүргізілген есепке сәйкес объектінің жобалық қуаты сағатына 42 Гкал, ал жылу желілерінің көлемі – 30 шақырымнан асады.

Қазандық салу және жылу жүйесін жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін облыстық бюджеттен 65,5 млн теңге көлемінде қаражат бөлуге өтінім жолданды. Су құбырын жаңарту мен газдандыру жобаларын қаржыландыруға 43 және 19 млн теңгеге өтінім дайындалды.

Қазіргі уақытта қалашықтың кәріз-тазарту құрылыстарын жаңарту жөніндегі жұмыстарды жүргізуді көздейтін жол картасының жобасы Қорғаныс министрлігінің қарауында тұр. Жоғарыда аталған инфрақұрылым объектілерінің құрылыс-жөндеу жұмыстары 2024 жылға жоспарланған.

Жұмыс сапары аясында министрдің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары Тараз және Луговой гарнизондарында болып, онда әскери госпитальге, Жамбыл аудандық пайдалану бөліміне, Б. Момышұлы, Мерке ауылдары мен Луговой станциясындағы әскери бөлімдерге барды.

Одан бөлек, генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов әскери бөлімдердің орналасқан жерінде болып, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің әлеуметтік-тұрмыстық, тұрғын үй жағдайлары және бөлімшелердегі моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйі туралы командирлердің баяндамаларын тыңдады.

Сапар қорытындысы бойынша министрдің орынбасары әскери бөлімдер командирлері мен мекемелер бастықтарына алдағы кезеңге тапсырмалар берді.

Өзгелердің жаңалығы