Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Жамбылдағы 7 500 аз қамтылған отбасының коммуналдық төлемдерін жеңілдетуге қаржы қарастырылады. Бұл жөнінде облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңір тұрғындары алдында есеп беру жиынында мәлімдеді.
«Қоғамда көтеріліп отырған көп балалы және аз қамтылған отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік көмек жайына тоқталсам, облыста 441 00 көп балалы және 14852 аз қамтылған отбасы бар. 2019 жылы бекітілген бюджетте тек осы санаттағылар үшін 30,6 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде, республикалық бюджеттен 19,7 млрд теңге, негізілерін атап айтқанда, 1 жасқа дейінгі 24 985 баланың күтіміне мемлекеттік жәрдем ақы (7,3 млрд.теңге), 4 және одан да көп балалы 24 068 отбасыға (3,0 млрд теңге), «Алтын», «Күміс» алқалы 20 032 анаға (3,9 млрд. теңге), бала тууына байланысты 26 923 балаға бір жолғы мемлекеттік әлеуметтік жәрдем ақы (2,8 млрд.теңге) қарастырылып отыр», - деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, 14 852 отбасыға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге 2,7 млрд теңге қарастырылған.
«Дегенмен, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көрсетілетін көмекті ұлғайту үшін бекітілген бюджетті қайта қаралып, қосымша 2,5 млрд теңге бөлінгелі отыр. Ол, бірінші кезекте, мектептегі балалардың ыстық тамағына қосымша 500 млн теңге. Яғни бұл бағытта бөлінетін қаржы 2 млрд теңге болады. Екінші кезекте, киім-кешекке және кеңсе тауарларын сатып алуға 215 млн теңге бөлініп, жалпы сома 500 млн теңге болғалы тұр. Үшінші кезекте, 7 500 аз қамтылған отбасының коммуналдық төлемдерін жеңілдетуге қаржы қарастырылады», - деді Асқар Мырзахметов.
Бұған қоса, денсаулық сақтау саласында «Ана мен бала» орталығына көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан 350 ана мен баланы тегін сауықтыру мен емдеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасылардың 70%-ы ауылда тұратынын ескеріп, мүмкіншілігі бар тауар өндірушілерден, шаруашылықтардан өткен жылдың аяғында құрылған отбасылық «Қамқор» жобасы арқылы мал беру көзделуде.
«Төртінші кезекте, Жаңатас, Қаратау, Шу қалаларында тұрғын үй кезегінде тұрған 340 отбасы тұрғын үй кезегі жеткенге дейін биыл отбасылық 3 жатақханамен қамтылады және Тараз қаласында тағы 7 жатақхана пайдалануға берілетін болады. Атқарылатын жұмыстардың барлығы республика деңгейінде «Бақытты отбасы» жобасымен үндестіріліп, сол жоба аясында жүргізілетін болады», - деп түйіндеді өңір басшысы.