Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте жолдарды жөндеу және жылу маусымының қорытындысына қатысты мәселелер сараланды, деп хабарлайды аймақ әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы экономиканы дамыту үшін жол желісінің маңыздылығын айрықша атап өтіп, ағымдағы жылы облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды жөндеуге 30 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылғанын жеткізді. Сонымен қатар, ол облыс орталығындағы және Алматыға баратын республикалық жолдың нашар жағдайына назар аударды.
Жолдардың нашарлығымен қатар, айналасы қоқысқа толы екендігін атап өтті облыс әкімі.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековтің мәліметінше, 122 жоба жергілікті және республикалық бюджеттен қаржыландырылуда. Сонымен қатар 84 жоба "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы, 845 жоба "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында жүзеге асуы жоспарланған. 96 жоба Қордай ауданының көшелерін орташа жөндеуге бағытталған. 74 нысан бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары аяқталса, 22 нысанда өндірістік жұмыстар басталған.
Бөлінген қаржы есебінен 1334,6 км жолға жөндеу жүргізу жоспарлануда. Атап айтар болсақ, 1310,5 км жол орташа жөндеуден өтеді десек, оның ішінде 180,5 км облыстық, 136,5 км аудандық маңызы бар автожолдар және 1017 км елді мекендердің көшелері. Сондай-ақ 6,1 км жолды қайта жаңғырту және 18 км жергілікті маңызы бар жолдар мен елді мекендердегі көшелерді салу көзделген. Жолдарды ағымдағы жөндеу жұмыстарының көлемі екі есеге артады. Өткен жылы 602 км жол автожол жөнделген.
Барлық аудан әкімдері өз аумағында орналасқан асфальтбетонды зауыттармен келісімшарт жасасып, жөндеуді қажет ететін жолдар тізімін, қажетті материалдардың көлемін жасауы қажет. Жол активтерінің сапа орталығы, техникалық қадағалау органдары өздеріне жүктелген функцияларды тиісінше орындап отырған жоқ. Сапасыз асфальттің салдарынан жолдардың жағдайы көңіл көншітпейді. Сондай-ақ көлік инспекциясы үлкен жүк көліктерінің қозғалысын бақылауды күшейтуі керек, – деп тапсырды аймақ басшысы.Бердібек Сапарбаев қоғамдық көліктерді газға көшіру жөніндегі жұмыстардың әлсіздігін алға тартып, ол Тараз қаласының экологиясына және оның тұрғындарының денсаулығына оң әсерін тигізетінін атап өткен. Сонымен қатар, сала басшыларына электрондық билеттендіруді енгізу шараларын жандандыруды да тапсырды.