Жамбылда 11 бригада қаңғыбас иттерді аулап жүр

12 Тамыз 2022, 09:22
2178
Бөлісу:
Жамбылда 11 бригада қаңғыбас иттерді аулап жүр

Жамбыл облысында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулайтын 11 бригада құрылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы мәліметті жергілікті әкімдіктің ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев айтты. Ол қаңғыбас иттердің адамдардың өмірі мен денсаулығына төнген қатердің алдын алу үшін ауланатынын да атап өтті. Жануарлардың аурулары мен оның салдарын жою шаралары болса, халықты адам мен жануарға ортақ дерттен қорғау, қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын реттеу мақсатында жүзеге асырылады.

Егер қараусыз қалған жануар агрессивті болса, адам денсаулығына қауіп төндірсе немесе құтырудың клиникалық белгілері байқалса, пневматикалық құралмен ұйықтататын дәрілер қолданылады. Ауланған жануарларды уақытша ұстау панажайы Тараз қаласында ветеринариялық станция тарапынан жалға алынып, жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта онда иесіз иттер уақытша қамауда тұр. Ауланған иттер азықтандырылып, қажет болған жағдайда ветеринариялық көмек көрсетіледі, - деп атап өтті Нұржас Нұржанұлы.

Ол осындай орталықтарды Сарысу, Талас аудандары әкімдіктері де қамтамасыз етіп жатқанын жеткізді. Мойынқұм ауданында иесіз жануарларды уақытша ұстау орнының құрылысы аяқталған. Тараз қаласының әкімдігі уақытша ұстау орнының құрылысына қаражат бөліп, мердігер іздестіруде. Қалған аудандар да жер телімдерін бөліп, қаржыларын қарастырып жатыр.

Жамбыл облысы аумағындағы ветеринариялық станциялардың құрамында иесіз қалған қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулайтын 11 бригада бар. Аймақтағы ветеринария басқармасы мамандары өңірде жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру, үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің қағидаларын бекіту үшін барлық мүдделі мекемелердің келісімдерін алған. Сондай-ақ ол ашық нормативтік құқықтық актілер порталына ілініп, 15 күн талқылаудан өтті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің сараптамасын алды. Айтылған ұсыныстар мен ескертулер түгелдей-дерлік пысықталып, жаңа редакцияда жобалары әзірленіп, бүгінгі таңға облыс әкімдігінің ресми сайтына орналастырылды. Қыркүйек айында өткізілуі жоспарлаып отырған облыстық мәслихаттың сессиясына ұсынылады, - деді жауапты маман

Нұржас Құрмантаевтың сөзіне қарағанда, қаңғыбас иттердің көбеюі иелерінің бос жібере салуынан да орын алады екен. Себебі, күшік кезінде асырап, бағып-қағып, кейін өскен соң елеусіз қалдырады. Сонымен қатар, иттердің адамдарды тістеп алу деректері де азаяр емес. Жыл басынан бері Жамбылда 2 172 адам жануарлардан зардап шеккен, оның ішінде мыңнан астамы он төрт жасқа дейінгі жасөспірімдер.

Тараз қаласының тұрғындарынан «Жамбыл-109» диспетчерлік орталығына иесіз иттерді аулау бойынша жыл басынан бері 1 733 өтініш түсті. Иттері мен иттердің өлекселерін алып кету жөнінде 363 өтініш қабылданды.

Реті келгенде, елімізде былтырғы желтоқсанда «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң қабылданып, күшіне енгенін айта кеткім келеді. Бұл құжаттың талаптарына сәйкес, көшеде жүрген қаңғыбас жануар адамдар мен балалардың өміріне қандайда бір қауіп төндірсе немесе ауру белгілері анықталса және үш иттен аса топталып, үйірленіп жүріп, қауіпті деп танылса, еш кедергісіз, тез арада жойылады, - деді спикер.

Тағы ескерерлігі, аталған заң аясында жануардың иесіне немесе жауапты азаматқа бірталай жауапкершілік жүктелінген. Кейбірін атап өтсек, олар иелігіндегі жануарларын ветеринариялық-санитариялық, гигиеналық талаптарды сақтауға міндетті. Сонымен бірге Жамбыл облыстық мәслихаты бекіткен арнайы қағидатқа сай, есептік тізімге алуға, уақытында екпе жасатуға, жануарға жауапкершілікпен қарауға және қатыгездік көрсетпеуге, өзге тұрғындар мен жануарлардың денсаулығына қауіп төндірмеу үшін қауіпсіздік ережелеріне бағынуға, табиғаттың, қоғамдық орындардың бүлінуіне жол бермеуге жауапты.

Тұқым алу керек болмаса, иттер мен мысықтарға стерилизация жасау туралы да қамтылған. Әсіресе, иттерді кәмелеттік жасқа толмаған балаларға, алкагольдік ішімдік ішкен жандарға өз бетінше серуендетуге, қоршалмаған қоғамдық кеңістіктерде тұмылдырықсыз және қарғыбаусыз алып жүруге тыйым салынады. 

Қазіргі таңда басқарма өзіне бағынысты мекемелердің жұмыс жүйесін біршама реттеді деуге негіз бар. Айталық, ветеринариялық станциялардың мамандары ел ішін аралау және тұрғындардың шағымдарымен қаңғыбас иттерді аулау кестесі әзірленген. Соның негізінде нақты шаралар үзіліссіз және уақытымен атқарылады. Азаматтардың өтініштері бойынша да аулау жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді Нұржас Нұржанұлы.

Ол иелері табылған иттер иелеріне ерекше талаптарға сәйкес қайтарылатынын да еске салды. Іздеуі жоқ иттер мен мысықтар айналасына қауіп төндірмейтін, жұқпалы аурулардан таза болған жағдайда оларға стерилизациялау жүргізіліп, құтырма мен обаға қарсы егіледі. Содан соң құлақтарына сырға салынып, ұсталған жеріне жіберіледі. Қызыл сырға стерилизация жасалғанын, жасыл сырға вакцина егілгенін білдіреді екен.

Басқарма басшысы үй жануарларын тіркеуге алу жүргізілетінін айтты. Бұл шара иелері есебінен қаржыландырылады, тек әлеуеті төмен отбасыларға бюджет есебінен жүргізіледі.

Осы жинақталған есептерді әр тоқсан сайын аудандар жолдайды, облыс жинақтап, уәкілетті органға жібереді, олар өз кезегінде деректер қорын жасақтайды. Заңның бұл нормасы 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 407-1 бабына сәйкес қылмыстық белгілері болмаса, жеке тұлғаларға – 5, лауазымды тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. Бір жыл ішінде қайталанса, екі есеге ұлғайтылады,- дейді Нұржас Нұржанұлы.

Өзгелердің жаңалығы