Жамбыл облысы әкімдігінде Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен 2026 жылғы вегетация кезеңіне дайындық мәселелеріне арналған кеңес өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жиынға су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, су шаруашылығы ұйымдарының, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының, сондай-ақ аймақтың шаруа қожалықтары өкілдері қатысты.
Кездесуде облыстың шаруаларына трансшекаралық судың келуі азаюына байланысты туындаған қауіптер және суару маусымында су ресурстарын ұтымды пайдалану шаралары түсіндірілді. Атап айтқанда, өсірілетін ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру және су үнемдеу технологияларына көшу.
Су ресурстарының қолжетімді көлемінің азаюы жалғасып отырғандықтан, алдағы вегетация кезеңінде су тапшылығы қаупі бар. Бұл – Орталық Азияның барлық елі тап болып отырған табиғи процесс. Су келу көлемінің азаю салдарын барынша азайту үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру мен су үнемдеу технологияларын енгізуді жеделдету қажет. Бұл үшін мемлекет барлық жағдайды жасап жатыр. Бұл тек су ресурстарын үнемдеу мәселесі ғана емес, сонымен бірге елдің су және азық-түлік қауіпсіздігі осыған тікелей байланысты. Дайындалуға уақыт бар, жауапты органдар мен жергілікті атқарушы билік және диқандар оны тиімді пайдалануға тиіс, – деді Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев.
Еске сала кетейік, суды үнемдеу және заманауи суару жүйелеріне көшуге ынталандыру мақсатында ұңғымаларды бұрғылау, инфрақұрылым тарту және су үнемдейтін жабдықтар сатып алу шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін көтерілді. Суару суына сараланған тариф енгізілді. Су үнемдеу технологияларын қолданатын шаруа қожалықтары үшін су құнын субсидиялау 60%-дан 85%-ға дейін ұлғайды.
2026-2028 жылдарға арналған жалпы трансферттер шеңберінде су үнемдеу технологияларын енгізуді және егінге қажетті су құнын субсидиялауды қолдауға бұрынғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда төрт есе көп қаражат бөлінді.
Қабылданған шаралар Қазақстанда су үнемдеу технологияларын қолданылатын егістік алқабы көлемін жыл сайын 150 мың гектардан астамға ұлғайтуға мүмкіндік берді. 2030 жылға қарай республикадағы 1,3 млн гектар суармалы жерді заманауи суару жүйелерімен қамту жоспарланып отыр.
Бүгінде Жамбыл облысында су үнемдеу технологиялары 66,5 мың гектарда қолданылып жатыр. Оның ішінде жаңбырлатып суару жүйесі – 19,3 мың гектар, тамшылатып суару – 44,6 мың гектар, лазерлік тегістегішпен – 2,6 мың гектар.
Сондай-ақ кеңесте ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының негізгі тетіктері талқыланды.
Биыл жобаны іске асыру бойынша жаңа тәсілдер әзірленді. Атап айтқанда, рәсімдерді жеңілдетіп, басым бағыттарды қолдауға арналған жаңа қағидалар бекітіліп, қолданылып жатыр.
Ең алдымен, өңдеу кәсіпорындарын және өсіруден бастап өткізуге дейінгі толық өндірістік циклды қамтамасыз ететін қызмет түрлерін, сондай-ақ кооперативтерді қолдау негізгі басымдықтар ретінде айқындалды. Қаржыландыру лимиттері енгізіледі: қаражаттың 40%-ға дейінгі көлемі мал шаруашылығына, кемінде 20%-ы өңдеу саласына бағытталады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласына жатпайтын жаңа бизнес түрлері де тізімге енгізілді.
2026-2028 жылдары Жамбыл облысында 1 мыңнан астам жобаны іске асыруға 31 млрд теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр.
Өңірде мал шаруашылығының жоғары көрсеткіштеріне қарамастан, бордақылау, сою, сақтау, өңдеу және логистика инфрақұрылымы жеткіліксіз. Осыған байланысты әкімдіктерге, оның ішінде шағын индустриялық аймақтар құру бойынша тиісті тапсырмалар берілді.
Негізгі кедергілердің бірі ауыл тұрғындарының бір бөлігінде жеткілікті кепілдің болмауы болып қала береді. Осыған байланысты вице-премьер «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына кепілдендіру тетігін пайдалану жөнінде, оның ішінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында Ұлттық экономика министрлігіне ұсыныстар енгізуді тапсырды.