Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыс оқушылары білім басқармасының мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықта шығармашылық қабілетін дамытып, 21 түрлі үйірмелерге тегін қатыса алады, деп хабарлады "ZhambylNews".
Жасөспірімдер орталығында оқушылар қобыз, жетіген, домбыра сынды аспаптарда ойнауға, эстрадалық вокалмен айналысуға дағдыланады.
"Сондай-ақ, орталықта жас тілшілерге арналған үйірме де бар. Онда 5-9 сынып оқушылары сауатты жазуға, оқуға дағдыланып, ойды көркем жеткізуге үйренеді. «Нұр Отан» партиясының «Балаларға арналған ақысыз ІТ-сынып ашу» бастамашыл жобасы аясында орталықта ІТ сынып ашылды. Сыныпта 10 оқушы бағдарламалау мен робототехниканың қыр-сырын үйренеді", - делінген таратылған ақпаратта.
Сонымен қатар жасөспірімдер орталығында таэквондо, каратэ, театр студиясы сынды үйірмелерде оқушылар бос уақыттарын пайдалы өткізіп, болашақ мамандықтарын бүгіннен игере алады.
Бүгінде орталықтың үйірмелеріне қатысушы 1000-нан аса бала халықаралық, республикалық және облыстық байқаулардан жүлделі орындарды иеленген.