Жамбыл облысындағы жеке үйде 5 адам газдан уланып қалды

3 Қараша 2020, 03:10
1978
Бөлісу:
Жамбыл облысындағы жеке үйде 5 адам газдан уланып қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысы Меркі ауданының Плодовоягодное ауылындағы жеке үйде бес адам газдан уланып, екеуі оқиға орнында көз жұмды.

Зардап шеккен 3 адам жедел түрде ауруханаға жеткізіліп, тиісті медициналық көмек көрсетілген. Бұл туралы «Өңірлік коммуникация қызметінің алаңында» өткен брифингте облыстық ТЖД бастығының міндетін атқарушы, полковник Мақсат Қосыбаев мәлім етті. Ол өңірдегі тұрғын үй секторында өрттердің және улы газбен улану жағдайларының алдын алу жұмыстарының жүргізілуі,сақтық шараларын ұстану барысы хақында айтты.

Алдын ала мәліметтер бойынша, Меркідегі қайғылы оқиға табиғи газдағы пештің түтіндігін орнату ережелерін сақтамаудан болған. Бүгін облыс әкімінің тапсырмасымен оқиғаның мән-жайын анықтау үшін құрамында Жамбыл облысы ТЖ департаментінің, Меркі ауданы әкімдігінің және газ коммуналдық кәсіпорнының өкілдері кіретін арнайы комиссия құрылды.

Аталған тұрғын үйде үгіт-профилактикалық жұмыс жүргізілген. Биылғы жылдың 15 қыркүйегінде газ және электр аспаптарын пайдалану кезінде тұрмыста өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау туралы жадынама таратылған болатын. Ағымдағы жылдың 17 тамызы мен 17 қыркүйегі аралығында өткізілген тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі айлығын өткізу жоспарына сәйкес департамент қызметкерлері «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ЖПҚ өкілдерімен, волонтерлермен, ЖПҚ бірлесіп Меркі ауданының Плодовоягодное ауылында өрттің алдын алу және халықты өрт қауіпсіздігі шараларына оқыту бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді, - деді облыстық ТЖД бастығының міндетін атқарушы, полковник Мақсат Қосыбаев.

Жалпы Жамбыл облысында 1 қазанға дейін жауапты мекеме тарапынан тұрғын үйлерге профилактикалық жұмыс жүргізілген. Нәтижесінде 2167 үйде 2863 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзушылықтары анықталып, 743 үйде кемшіліктер толығымен жойылған. Қазіргі уақытта газдан уланып, жансақтау бөліміне жатқызылған 3 адамның біреуі палатаға ауыстырылып, екіншісі облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.

Өзгелердің жаңалығы