Жамбыл облысының Полиция департаментімен қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған және заңсыз сақталған қаруды іздеп, тәркілеу бойынша күшейтілген жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жыл басынан бері полициямен 210 бірлік қару тәркіленді, оның 37-сі 2022 жылдың қаңтарында ПД қоймасынан ұрланған, сондай-ақ 3674 оқ-дәрі алынды.
Қару-жарақтың негізгі бөлігі жасырын көмілген орындардан анықталды, - деп хабарлады Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Нұржан Рахметуллаев.
Мәселен, 2023 жылғы 9 мамырда Тараз қаласындағы зираттан қару-жарақ табылды. Полицейлер 16 калибрлі «ИК-18» маркалы бір ұңғылы аңшылық мылтық, 16 калибрлі «700 АТМ-У» маркалы екі ұңғылы аңшылық мылтық және «МР-79-9 МТ» травматикалық мылтығын тәркіледі.
Тағы бір қару жасырылған орынды полиция қызметкерлері Тараздағы ескі бос ғимараттан тапты. Қаптың ішінен 16 калибрлі «ИЖ-26» маркалы қос ұңғылы аңшылық мылтық, 16 калибрлі «ИЖ-17» маркалы бір ұңғылы кесілген аңшылық мылтық, патрондары бар «ИЖ-СПЛ-01» маркалы тапанша табылды, - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ, облыс орталығындағы темір жолдардың жанынан 16 калибрлі «ИЖ-ЗК» маркалы бір оқпанды аңшылық мылтық, «Байкал» маркалы травматикалық тапанша, «Скорпион» электрошокері және 27 оқ-дәрі табылды.
Ішкі істер органдарында тіркелмеген қаруды құқық бұзушылар негізінен шаруа қожалықтарының аумағында сақтайды. 2023 жылдың мамыр айының басында Жамбыл аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Ақбұлым ауылының шетіндегі шаруа қожалығының аумағындағы сарайдан 16 калибрлі «ИЖ» маркалы бір оқпанды аңшылық мылтығын тауып, тәркіледі.
Барлық деректер бойынша сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізілуде. Қаруды іздеу және заңсыз айналымнан алу жұмыстары жалғасуда.