Жамбыл облысында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғауға қатысты акция өткізілуде

7 Желтоқсан 2019, 03:22
3622
Бөлісу:
Жамбыл облысында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғауға қатысты акция өткізілуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында Жамбыл облысының аумағында "Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн" халықаралық акциясы өткізілуде, деп хабарлады Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Акция аясында 5 желтоқсан күні Тараз мемлекеттік педогогикалық университетінде Тараз қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімі қызметкерлері үкіметтік емес ұйымдар, дағдарыс орталығы және аналар үйі өкілдерімен кездесу өткізді. Аталмыш шараға 70-тен астам студент қыз да қатысып, тренингтер ұйымдастырылды. Студенттер Қазақстан Республикасының "Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы" Заңымен танысты, сондай-ақ оларға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты өмірлік маңызды әңгімелер айтылып, заң ережелері егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Кездесу барысында қатысушылар отбасы жанжалдарын шешуге және психологиялық көмек көрсетуге қатысты полиция қызметкерлеріне,дағдарыс орталығы мен аналар үйінің өкілдеріне сұрақ қойып, өз ұсыныс-пікірлерімен бөлісті, - делінген хабарламада.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар кездесуге қатысушыларға тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғауға қатысты бүктемелер мен жадынамалар табыс етті.

Өзгелердің жаңалығы