Жамбыл облысында "Қыс-2023" командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті

25 Қараша 2023, 18:13
752
Бөлісу:
Жамбыл облысында "Қыс-2023" командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

23-24 қарашада Жамбыл облысы қысқы кезең жағдайында төтенше жағдайларды жою күштерін даярлау мақсатында «Қыс-2023» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Негізгі күш-жігердің шоғырлануын ескере отырып, авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге, бірінші кезекте адамдарды іздеуге және құтқаруға, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетуге, қауіпті жерлерден жылыту пункттеріне, жақын маңдағы елді мекендер мен емдеу мекемелеріне эвакуациялауға ерекше назар аударылды.

Аталған тәжірибелік іс-шара Жуалы ауданында өткізілді. Жалпы аталған оқу-жаттығу мынадай сценаримен өрбіді: ауа-райының күрт бұзылуы салдарынан (екпіні 28 м/с болатын күшті жел соғуы және қарлы боран салдарынан айнала көрінбес ақтүтек жағдай орын алған) Күйік, Шайқпақ асуынан өтетін республикалық маңызы бар Алматы-Ташкент тас жолында автокөлік қозғалысы тоқтатылған. Күйік асуында көрінудің нашарлауы мен көктайғақтан жол-көлік оқиғалары орын алып, зардап шеккендер тіркелген.

Жуалы ауданының аудандық полиция бөліміне «Күйік» ШҚ иесінен мал жаю кезінде қойшы қыстауға оралмағаны туралы хабарлама келіп түсті. Электр сымдарына қардың жабысуы нәтижесінде ӘЖ – 220В электр беру желісінің үзілуі орын алды, электрмен жабдықтаусыз 3 елді мекен және 2 қыстау қалды.

Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылды. Оқиға орнына ТЖД бастығының орынбасары бастаған жедел топ жөнелтілді. Сондай-ақ, оқиға орнына жедел-құтқару жасағының, Апаттар медицинасы орталығының кезекші ауысымы, Жуалы ауданы ТЖ бөлімі мен № 7 өрт сөндіру бөлімі, Жуалы ауданы әкімдігінің өкілдері жіберіліп, жедел медициналық жәрдем бригадалары, тартылды. ТЖД психологтардың кезекшілігімен жедел желі ұйымдастырылды.

Құтқарушылар мен тартылған күштердің күшімен жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде зардап шеккендер үйілген қар астынан шығарылды. Жуалы ауданындағы авариялық-құтқару жұмыстарына барлығы 16 бірлік техника мен 47 адам жұмылдырылды.

Қысқы кезеңде төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға дайындық бойынша командалық-штабтық оқу-жаттығулар облыстың барлық аудандарында өткізілді. Жамбыл облысы бойынша практикалық іс-шараларға барлығы 733-ден астам адам және 189 бірлік техника тартылды.

Өзгелердің жаңалығы