Жамбылда қараусыз алабай 45 қойды қырып кетті: Фермер ветеринариядан өтемақы өндіріп алды

Иесіз иттің шабуылы фермерге миллиондаған шығын әкелген. Іс бойынша сот шешімі шықты.

Бүгiн 2026, 15:04
АВТОР
 pexels.com Бүгiн 2026, 15:04
Бүгiн 2026, 15:04
214
Фото: pexels.com

Жамбыл облысында сот қараусыз иттің шабуылынан қырылған қойлар үшін 2,5 миллион теңгеден астам өтемақы төлеуге міндеттеді.

Оқиға 2024 жылдың қараша айында Қордай ауданында болған. Түнгі уақытта иесіз алабай шаруа қожалығының аумағына кіріп, қорадағы қойларға шабуыл жасаған. Соның салдарынан 45 мал қырылған.

Оқиға фактісі әкімдік пен ветеринарлық қызмет өкілдерінің қатысуымен жасалған тексеру актілері, сондай-ақ фермердің полицияға жазған арызы арқылы расталған.

Иттің иесі анықталмаған. Кейін қараусыз жануарларды аулау және бақылау міндеті ветеринарлық қызметке жүктелгені белгілі болды. Алайда қажетті шаралар уақытында қабылданбаған.

Фермер келтірілген шығынды ауылдық округ әкімінің аппараты мен Қордай аудандық ветеринария бөлімінен өндіруді талап еткен. Жауапкерлер өз кезегінде шаруа қожалығының иесі малдың қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпегенін алға тартқан. Алайда сот бұл уәжді қабылдамады. Өйткені мал қалыпты жағдайда ұсталғаны анықталған.

Шығын көлемін есептеу кезінде сот бір қойдың орташа құны туралы ресми деректерді негізге алған. Бір қойдың бағасы 57 мың теңгеден асқан. Нәтижесінде жалпы шығын көлемі 2,5 миллион теңгеден асып кеткен.

Сот шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылды: ветеринария бөлімінен келтірілген шығын мен сот шығындары өндірілетін болды. Ал ауылдық округ әкімінің аппаратына қатысты талап қанағаттандырылмады.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Еске салсақ, Әзербайжанда қасқырлар фермаға шабуыл жасап, 50-ге жуық малды қырып салған еді.

Наверх