Жамбыл облысында полиция қызметкерлері жолда бұзылып қалған автобуспен келе жатқан Өзбекстанның жас футболшыларына көмек көрсетті.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, оқиға «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің 568-шақырымында, Жуалы ауданына қарасты Нұрлыкент ауылының маңында болған. Қырғыз Республикасында өткен халықаралық футбол турнирінен елдеріне қайтып бара жатқан автобус техникалық ақауға байланысты жолда тоқтап қалған.
Автобуста Өзбекстан Республикасының 42 азаматы болған. Оның 37-сі – 2013 және 2014 жылы туған жас футболшылар, қалған бесеуі – оларды алып жүрген ересектер.
Хабарлама түскен бойда полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, балаларды аптап ыстықта жол бойында қалдырмай, оларды жетекшілерімен бірге Нұрлыкент ауылдық мәдениет үйіне жеткізді. Онда қонақтарға ыстық тамақ, ауыз су және демалуға қажетті барлық жағдай жасалды.
Қосымша автобус келгеннен кейін жас спортшылар үйлеріне қарай сапарын жалғастырды.
Полицияның мәліметінше, құқық қорғау органдары мен құтқарушылардың үйлесімді жұмысының арқасында жағдай қысқа уақыт ішінде шешімін тауып, балалардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ.