Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменов жеке құрамның кезекті гарнизондық жиынын өткізді.
Жанат Қуанышұлы жеке құрамның назарын қызметтік міндеттерін адал атқаруға, қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша шараларды күшейтуге, заңдылықты бұзуға жол бермеуге, азаматтарға сыпайы болуға аударды.
ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың полицияның сервистік моделін одан әрі енгізу және оның қолжетімділігі жөніндегі тапсырмаларына ерекше назар аударды.
ПД бастығы полиция қызметкерлеріне маңызды міндет – құқық бұзушылықтың жолын кесу ғана емес, сонымен қатар қауіпсіздік мәселелерін бірлесіп шешу үшін кез-келген уақытта көмек көрсетуге және халықпен сенімді қарым-қатынас орнатуға дайын болу туралы еске салды.
Сондай-ақ қызметтік міндеттерін адал атқарғаны және жұмысында жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін ПД бастығы ерекше көзге түскен полиция қызметкерлерін грамоталармен және алғыс хаттармен марапаттады.
Мысалы, облыс орталығының 22 жастағы тұрғынының өмірін құтқару кезінде батылдық танытқаны үшін Тараз қаласы ПБ патрульдік полиция батальоны взводының командирі полиция капитаны Айдын Әбдірахманов және сол бөлімшенің инспекторы полиция аға лейтенанты Рауан Мирабилдаев грамоталармен марапатталды.
«Сен - жеңімпазсың» облыстық марафонына белсенді атсалысқаны үшін Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының медальдарымен және алғыс хаттарымен ПД-нің үш қызметкері марапатталды.