Жамбыл облысында перзентханадан жаңа туған нәресте ұрланған

11 Шілде 2019, 11:05
2635
Бөлісу:
Жамбыл облысында перзентханадан жаңа туған нәресте ұрланған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 8 шілдеде Тараз қалалық Полиция басқармасының Жедел басқару орталығына әйел адам хабарласып, облыстық перинаталдық орталықтан оның жаңа туған нәрестесін алып кеткенін мәлімдеді, деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі. 

Баланы іздестіру операциясын Тараз қалалық Полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Ардақ Мадимаров басқарды. 

Қылмыстың ашылуына облыс орталығының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері белсенді қатысты, олардың күштерімен бейнекамералардағы материалдар зерттелді. Жақын маңдағы барлық тұрғын үй секторы, қонақ үйдің барлық нөмірлері тексерілді. Нәтижесінде нәресте қонақ үйлердің бірінен табылды. 

Ауыр қылмыс екі сағат ішінде ашылып, бала анасына қайтарылды. 

Баланы алып кетті деген күдікпен Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы Қаракемер ауылының 22 жастағы тұрғыны ұсталды.     

«Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 135-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен кәмелетке толмағандар саудасы), оның санкциясы мүлкін тәркілеумен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді», - делінген хабарламада. 

Қазіргі уақытта күдіктінің өзінің кішкентай сәбиі бар екені ескеріле отырып, бұлтартпау шарасы қарастырылуда.  

Өзгелердің жаңалығы