Жамбыл облысында мектепті 12 мыңнан астам түлек аяқтайды

22 Мамыр 2024, 15:58
532
Бөлісу:
Жамбыл облысында мектепті 12 мыңнан астам түлек аяқтайды
Фото: Артём Чурсинов - архив

Биылғы оқу жылында Жамбыл облысында 498 мектепті 12 мыңнан астам түлек аяқтайды. Бұл туралы Жамбыл облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Мұхит Нысанбаев баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әр мектепте оқу жылының аяқталуына орай "Білімім - Отаныма!" жалпы республикалық бірыңғай тәрбие сағаттары өтеді. 2023-2024 оқу жылының қорытындысы туралы өткізілетін тәрбие сағатының мақсаты - ұстаздарды құрметтеуге, білім ұясына қамқор болуға, білім алуға құштар болуға, жыл бойы алған білімінің нәтижесін қорытындылай білуге тәрбиелеу, - деді ол.

Тәрбие сағаттың концепциясы мен сценарийі Оқу-ағарту министрлігі тарапынан әзірленіп, барлық мектепке ұсынылды.Тәрбие сағаты 9.00-де бір мезгілде  Әнұранмен басталады. Әр баланың жақсы қасиеті, үлгілі істері, ерлік көрсеткен тұстарына ерекше назар аударып, сынып сағаты барысында марапатталады.

Мұхит Нысанбаев Жамбыл облысында осы оқу жылында 498 мектепте 248 мыңнан астам оқушы (445 мемлекеттік, 53 жекеменшік мектептер) аяқтайтынын және оның 12 мыңнан астамы мектеп түлегі екенін атап өтті.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп бітірушілер үшін салтанатты іс-шараны міндетті түрде мектеп қабырғасында және алаңында өткізу міндеттеледі. Оқу-ағарту министрінің білім алушыларға арналған құттықтау сөзі айтылып, республика бойынша балалардың жетістіктері туралы видеоролик ұсынылады, - деп айтты ол.

Білім басқармасы басшысының орынбасары мектептерде өткізілетін іс-шараларға ата-аналардың қатысуы да маңызды екенін айтып өтті.

  Бұған дейін Білім басқармасы өкілі мұғалімдерге сыйлыққа ақша жинауға рұқсат етілмейтінін айтқан болатын.

 Эльнура Бисенғали

Өзгелердің жаңалығы