Жамбыл облысында мал азығына дайындалатын өнім көлемі төмендеген

9 Маусым 2021, 07:44
1490
Бөлісу:
Жамбыл облысында мал азығына дайындалатын өнім көлемі төмендеген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте мал азығын дайындау және халық санағын ұйымдастыру мәселелері қаралды, деп жазды jambylinfo.kz.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов биылғы ауа райының қолайсыздығына байланысты шабындықтардағы мал азығына дайындалатын өнімнің төмендеуі байқалатындығын жеткізді. Оның айтуынша, мал қыстауын қалыпты өткізу үшін 1 млн 713 мың тонна  пішен, 58 мың тонна пішендеме, 583 мың тонна  сабан, 54 мың тонна сүрлем, 645 мың тонна құнарлы мал азығын дайындау қажет. Ал аудан әкімдіктерінің  ақпаратына сәйкес егістік алқаптар мен табиғи шабындықтардың өнімділігі есебінен 974 мың тонна пішен дайындалады деп күтілуде. Бұл қажеттілікті 57 пайызға  қамтиды. Сол сияқты пішендеме және сабан толық әрі артығымен қамтамасыз етілсе, сүрлем – 87 пайызға, құнарлы мал азығы 47 пайызға қамтылады деп көзделуде.

Бірінші кезекте мал азығына деген ішкі қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізуді ұсынамыз. Зерделеу көрсеткендей, облыстағы ұйымдасқан шаруашылықтардың мал азығын дайындауға қажетті егіс алқаптары мен шабындық жерлері және техникалар бар. Ал мал азығының жетіспеушілігі қажетті жем-шөп қорын дайындауға мүмкіндіктерінің болмауынан жеке қосалқы шаруашылықтарда орын алуы мүмкін, – деді Қ. Аманов.
Облыс әкімі басқарма басшысына әрбір аудандағы ауылдарды аралап, жағдаймен жіті танысуды тапсырды.

Ауыл шаруашылығына қатысты ведомство мамандары кабинетте отырып, тек қағаздағы есепке сүйенбей, ауыл-ауылдарды өз аяғымен аралап жүру керек. Сонда ғана сіздер қалыптасып отырған ахуал туралы жан-жақты хабарлай аласыздар, – деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ аймақ басшысы мал қыстату науқанында ауа райының ерекшелігіне байланысты шөпті аса қажет етпейтін аудандардың мүмкіншілігін басқа аудандарға пайдалану керектігін алға тартты. Жауапты тұлғаларға өңірдегі жем-шөп дайындау жұмыстары бойынша күнделікті ақпаратты баяндап тұруды міндеттеді. Аудандарда ірі агрохолдингтер құруға қатысты тапсырманың орындалуы, сүрлем дайындау, мал басын азайтып алмау секілді өзекті жайттар да назардан тыс қалмады.


Өзгелердің жаңалығы