Жамбыл облысында биыл кене шаққаннан кейінгі алғашқы өлім жағдайы тіркелді. Ер адам Шу ауданында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын жұқтырып, көз жұмған, деп хабарлайды BAQ.KZ КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Эпидемиологтардың мәліметінше, марқұм мал шаруашылығымен айналысқан және медициналық көмекке тым кеш жүгінген. Мамандар өңірде қауіпті инфекция тасымалдауы мүмкін кенелердің көбейгенін айтып отыр.
Қансорғыштардың негізгі тасымалдаушылары ретінде ауыл шаруашылығы жануарлары, әсіресе қойлар аталады. Мамандардың сөзінше, бір малдың үстінде жүзден астам кене болуы мүмкін. Егер олардың кем дегенде біреуі Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының вирусын тасымалдаса, адамға да жұғу қаупі туындайды.
Жергілікті малшылар кене көбейетін маусымда өздерін қауіпсіз сезінбейтіндерін айтады.
Құм ішінде кене өте көп. Қай жерге отырсаң да, кене қаптап кетеді. Олар малға жабысып, жара шығарады, – деді өңір тұрғындары.
Санитарлық қызметтің мәліметінше, облыстың алты ауданында және Тараз қаласында инфекцияның табиғи ошақтары анықталған. Эпидемиологиялық барлау кезінде мамандар шамамен 27 мың кене жинаған. Зерттелген 2500 сынаманың 150-інен қауіпті вирус табылған.
Қазір өңірдің 42 елді мекенінде аумақтарды өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Эпидемиологтар иксод кенесі шаққаннан кейін инкубациялық кезең 14 күнге дейін созылуы мүмкін екенін ескертеді. Ауру белгілері көбіне тұмау немесе ЖРВИ-ге ұқсайды: адамның қызуы көтеріліп, жағдайы нашарлайды.
Алғашқы белгілер байқалған сәттен бастап емді дереу бастау қажет. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы вакцина жоқ. Бұл аса қауіпті инфекция болғандықтан, дер кезінде диагноз қойып, емдеу өте маңызды, – деді Жамбыл облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нелли Муликова.
Сонымен қатар мамандар кенеге қарсы жаппай өңдеу жұмыстарын жүргізу тиімсіз екенін айтады, себебі олардың көпшілігі қауіпті емес. Ресми мәлімет бойынша, жыл басынан бері өңірде тіркелген шамамен 300 кене шағу жағдайының ішінде адам өміріне аса қауіпті инфекция тек бір жағдайда ғана расталған. Ол науқас қайтыс болғаннан кейін анықталған.