Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаев Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында халықтың көнеден келе жатқан дәстүрін қайта жаңғырту туралы бастама көтерген болатын.
Осыған байланысты облыстың түкпір-түкпірінде құрылыс жұмыстары қарқын алып, асар әдісі қайта жанданды. Осы жоба аясында Талас ауданы Аққұм ауылында қос бірдей үй пайдалануға берілді.
Салтанатты рәсім барысында ауылда бой көтерген жаңа тұрғын үйлердің кілтін облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев пен Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы табыс етті. Іс-шара ауылдағы қызметтік үйдің лентасын қиюмен басталды.
Жақсылықты бөліссең, көбейеді. Сынаққа толы өмірде біздің ғұмырымыз осындай жақсы істерден тұруы тиіс. Осындай қайырымды істердің ұйытқысы болып жүрген ауыл тұрғындарына Алла разы болсын! Баспанаға мұқтаж азаматтардың ісіне Алла жеңілдік берсін. Бүгін ақ түйенің қарны жарылып, ақжолтай жаңалыққа толды. Ендеше, бәрі сәтімен болғай. Біздің имамдар, қайырымды жандар осындай қысылтаяң уақытта да тоқтамай, үлгі істерін жалғастыруда. Өнеге іс жалғасын тапсын, - деді жиын барысында ағынан жарылған бас мүфти.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жиын барысында ауылдағы жаңа ғимараттарды салуға атсалысқан Асангелді Отаров пен Талғат Байсыновқа Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Алғыс хатын табыстады. Өз сөзінде Наурызбай қажы Тағанұлы қызметтік үйді салуға бастама көтеріп, демеушілік жасаған Асангелді Отаровқа ортаншы ұлы Ильястың Нұр-Сұлтан қаласындағы мешітте наиб-имам екенін еске сала келіп, осындай дін жолындағы ұл тәрбиелегені үшін зор алғыс білдірді.
Талас ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов баспана салуға ұйытқы болып, тұрғындарды ұйымдастырған ауыл азаматтары Олжас Отар мен кәсіпкер Мұхтар Шахановты «Талас ауданына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттаса, аудан әкімінің Алғыс хаты көмек қолын созған бірнеше ауыл тұрғынына берілді. Сонымен қатар құрылысты аяқтауға қол ұшын созған Мұрат Ошақбаевқа «Талас ауданының құрметті ардагері» медалі тарту етілді.
Қызметтік үйдің құрылысын жүргізуге Аққұм ауылының азаматы Асангелді Отаров тікелей жетекшілік етіп, негізгі қаражатты өз қалтасынан төледі. Құны 3 миллион теңгелік 4 бөлмелі, 90 шаршы метр бұл нысан ауылдағы Төлебай Тұңғатар мешітіне берілді. Онда ауыл балалары асыл дініміз Исламның қыр-сырын үйренеді. Қызмет үйі ұстаздарының жалақысын ауылдан шыққан азамат Талғат Байсынов өз қалтасынан төлеп отыратынын жеткізді.
Қайырымдылық шарасынан кейін жаңа үйдің ауласына ағаш отырғызылды. Ауыл тұрғындары мұндай игі шараның алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Бас мүфти ауылдық округ ауруханасына өкпені жасанды желдету аппаратын табыстады. Сондай-ақ Отаровтар отбасының бастамасымен 10 отбасыға азық-түлік таратылды.
Салтанатты рәсімнен кейін облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев пен Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Талас ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов жеміс ағашын отырғызды.
«Келісті атаның жолы кейінгіге үлгі» демекші, жақсы істі жаңғыртып, жалпының жанын жадыратқан «Асар» – ағайынның арасын нығайтуға, әлсізді демеуге үлкен себепкер, ел арасына тың ой салған игілікті іс. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында Талас ауданы Аққұм ауылының тұрғыны Қанат Тәкеевке баспана берілді. Бұл игі іс-шараның басы-қасында жүріп, ауыл жастарын ұйымдастырған Олжас Отар екенін айта кеткен жөн. Ол Қаржы министрлігіндегі қауырт жұмысына қарамастан, ауылдастарына ұйытқы болып, төрт баланы асырап отырған жалғызбасты әкенің жаңа баспана алуына зор үлес қосты.
Жаңа баспананың сырты қоршалып, заманауи үлгіде соғылған. Көлемі 110 шаршы метрлік төрт бөлмелі үйдің құрылысын ауыл жастары тура төрт айдың ішінде аяқтап шықты. Құрылыс жұмыстарына 4 миллион теңге қаражат кеткен. Оны да ауылдастар мен кәсіпкерлер жинап берді. Тіпті, алыс-жақын облыстардан да көмек қолын созған ағайын мен елге танымал өнер қайраткерлері де бар. Демеушілердің көмегімен жаңа қоныс иелеріне жиһаз бен тұрмыстық техника тарту етілді. Айта кетерлігі, Қанат Тәкеев – төрт баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты әке. Оның жұбайы бірнеше жыл бұрын жол апатынан қаза тапқан еді.
Бүгін осындай үлкен үй салып беруге атсалысқан аудан, ауылымыздың басшыларына, имамға, ақсақалдар мен жастарға, кәсіпкерлерге, барлық ауылдастарыма алғысым шексіз. Ынтымақ-бірлігіміз ажырамасын. Қиын-қыстау кезде осындай қолдау көрсеткен баршаңызға Алланың нұры жаусын, - дейді қуанышын жасыра алмаған жаңа қоныс иесі Қанат Тәкеев.
Айта кету керек, бұған дейін Талас ауданында асарлатып салынған үйлердің алғашқысы Майтөбе ауылында берілген еді. Қазіргі таңда аймақтағы еріктілер жұмылған игілікті іс көпшіліктің көңілінен шығып, бұқара жұртты қуанышқа бөлеп келеді. Жоба аясында Талас ауданындағы 9 ауылдық округінде тұрғын үй салу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Негізінен, асарлатып салынған үйлер әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы және асыраушысынан айырылған отбасыларға беріледі. Құрылысты жүргізуге ауыл тұрғындары, ақсақалдар, жастар көмектесіп, кәсіпкерлер демеушілік көрсетеді.