Жамбыл облысында алапат дауылдан 41 адам зардап шекті

17 Қараша 2021, 19:11
1205
Бөлісу:
Жамбыл облысында алапат дауылдан 41 адам зардап шекті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысында дүлей дауыл тұрып 41 адам зардап шекті. Тұман түсіп, көктайғақтан бірнеше бағытта жол жабылды. Мектеп пен колледждерде сабақ тоқтатылды. Электр және газ желілері зақымданып, жарық сөнді, деп жазды Хабар24. 

Секундына 30 метрге дейін ұйтқыған дауыл көп қабатты үйлер мен ондаған нысанның шатырын ұшырып әкетті. Арасында әлеуметтік және медициналық нысандар бар. Электр желілері үзіліп, бағандар құлады. Салдарынан жүздеген нысан жарықсыз қалды. Облыстық азаматтық қорғаныс басқармасының мәліметінше, 41 адам зардап шегіп, 5 адам ауруханаға жеткізілген. Ағаштар құлап автокөліктерді басып қалған. Қауіпсіздік мақсатында 7 аудандағы мектеп пен колледждерде сабақ тоқтатылды. Түстен кейінгі ауысым онлайн форматқа ауыстырылды. 

Әр білім беру ұйымының басшысы жеке бұйрықпен шешім қабылдап ауа райының қолайсыздығына байланысты оқу процесін ыңғайластырып қашықтан оқытуға көшіруге құқығы бар. Сарысу, Талас, Тараз қаласында, Байзақ ауданындағы мектептердің біразы түстен кейін қашықтан оқыту жүйесіне көшіп жатыр, - деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов.

Желдің екпіні қатты болғаны соншалық адамды ұшырып, көліктерді аударып тастады. Халықаралық Алматы-Ташкент-Термез және облыстық маңыздағы Күйік-Қарабастау-Қаратау-Жаңатас, Жаңатас-Саудакент бағытындағы жолдар жабылды. Жолда қалған 40 адам құтқарылды. Оның екеуі бала. Олар уақытша жылыту пункттеріне жеткізілді. 

Апаттың алдын алу үшін күннің суықтығына қарамастан кейбір жерде газ беру тоқтатылды. Тараз қаласында осындай 25 дерек, Жамбыл ауданында 16 дерек тіркелген. Жуалы мен Байзақ ауданында да көгілдір отын өшті. Мамандар қазір апат орын алған жерді қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізу мүмкін еместігін айтып отыр. 

Қазір келген шығын көлемін ешкім дөп басып айта алмай отыр. Ол туралы ресми ақпарат жоқ. Арнайы штаб құрылған. Батыс Еуропа - Батыс Қытай автодәлізі Айша бибі ауылынан Түркістан облысының шекарасына дейін жабық тұр. 


Өзгелердің жаңалығы