Жамбыл облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар автожолдарда жүздеген ауыр жүк көлігі тоқтатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жамбыл облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 10 желтоқсанға қараған түні «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трассасының бірнеше бөлігінде көлік қозғалысы қиындатылған.
- Қайнар ауылы маңындағы 240-шақырымда – 250-ге жуық жүк көлігі;
- Ақыртөбе ауылы ауданында – 50-ге жуық көлік;
- Трассаның 518-шақырымында, Жамбыл ауданы аумағында – 150-ге жуық ауыр жүк құралы тоқтап тұр.
Жалпы алғанда, облыс аумағындағы тұрақтар мен автотұрақтарда 450-ге жуық жүк көлігі жиналған.
Полиция департаменті жағдайды бақылауға 50-ге жуық полицей жұмылдырылғанын атап өтті. Олар тәулік бойы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, төтенше жағдайлардың алдын алу және көліктерді қауіпсіз бағыттау бойынша жұмыстар жүргізуде.
Сонымен қатар, Түркістан облысы бағытында алты аралас жол техникасы, Жаңа Қордай асуында – алты техника (төрт аралас жол машинасы, екі грейдер),
Ескі Қордай асуында – бес техника (төрт аралас жол машинасы, бір грейдер) жұмыс істеп жатыр.