Жамбыл облысында 250 лауазымды тұлға жауапқа тартылды

11 Қазан 2022, 12:12
1583
Бөлісу:
Жамбыл облысында 250 лауазымды тұлға жауапқа тартылды

Жамбыл облысында автомобиль жолдарын қанағаттанарлықсыз ұстағаны үшін 250 лауазымды тұлға жауапқа тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2022 жылдың 9 айында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол-техникалық инспекция қызметкерлері ұзындығы 13 мың шақырымнан асатын жалпыға ортақ пайдаланылатын автожолдарға 1782 тексеру жүргізді. 

Тексеру барысында облыстың автожолдарында 11602 ақау анықталды. Жол ұйымдарының басшыларына және жергілікті атқарушы органдарға анықталған кемшіліктерді жоюға 1782 нұсқама жіберілді.

Жамбыл облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Жайдарбек Құттыбаев атап өткендей, автомобиль жолдарын қанағаттанарлықсыз күтіп ұстағаны және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін 250 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - делінген хабарламада.

Бұдан басқа, Тұрар Рысқұлов және Шу аудандарының полиция бөлімі, сондай-ақ Тараз қ. ПБ берген нұсқамаларды орындамағаны үшін ӘҚБтК 3-бөлімінің 462-бабына ауданның автожолдарын күтіп ұстауға жауапты лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Өткен кезең ішінде автомобиль жолдарымен қиылысатын барлық 73 теміржол өткелдері тексеруден өтті. Тексеру барысында олардың құрамындағы 205 ақау анықталды. 

Өткелдерге қызмет көрсететін ұйымдардың басшыларына кемшіліктерді жою үшін 68 нұсқама берілді. Теміржол өткелдерін қанағаттанарлықсыз ұстағаны және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін 20 лауазымды адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдарға жол қозғалысын ұйымдастыруды жақсарту, яғни бағдаршамдарды орнату, жер үсті жаяу жүргіншілер өткелдерін, көлік айырбастарын, автотұрақтар мен кіреберістерді салу бойынша ұсыныстары бар ақпараттық хаттар жолданды.

Өзгелердің жаңалығы