Жамбыл облысында 24 мыңнан астам жас алғаш рет сайлауда дауыс береді

23 Мамыр 2019, 18:11
2376
Бөлісу:
Жамбыл облысында 24 мыңнан астам жас алғаш рет сайлауда дауыс береді

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында 18 жасқа толған 24 мыңнан астам азамат алғаш рет сайлауға қатысып, өз таңдауларын жасап, дауыс береді. Бұл жайында Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде өткен «Жастар жазғы мектебінің Президентін сайлау» тақырыбындағы іскерлік ойынында мәлім болды.

Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сара Мәдиеваның айтуынша, жастар еліміздегі саяси науқанның ашық әрі әділ, жалпыға бірдей құқықтық кедергілерсіз, белгілі заң аясында өтетінін білуі тиіс. Сайлауда үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, жалпы азаматтардың құқықтары толық сақталады.

«Елімізде Президент сайлауына дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Облыстық сайлау комиссиясы жұмысының негізгі мақсаты – сайлаушылар құқығының сақталуын қадағалау. Әрбір азамат өз құқығын біліп, сайлау күні учаскелік сайлау комиссиясына келіп дауыс беруі керек. Осы үдерістің талапқа сай өтуіне біз жауаптымыз», - деді спикер.

Аумақтық сайлау комиссиясысының өкілі әр саяси науқан кезінде сайлаушылардың арасында алғаш рет дауыс беретіндер болатыны белгілі екенін де айтты. Олар – 18 жасқа жаңа толған азаматтар, еліміздегі ең маңызды, тарихи күн – Президент сайлауының не екенін және қалай өткізілетінін білулері керек.

«Биыл Сайлау туралы заңға өзгеріс енгізілді. Сол заңда сайлау комиссияларының мүшелерін, сонымен қатар саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін, жастарды оқыту міндеттелген. Бүгінгі шара соған бағытталған. Оған осы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің 18 жасқа толған 3 курс студенттері қатысуда», - деді Сара Мәдиева.

Айта кетейік, іскерлік ойында студенттер үш топқа бөлініп, өз партияларына ат қойды. Содан кейін саяси науқанда жүзеге асырылатын барлық талап кезең-кезеңімен жүргізіліп отырды: жастар сайлау учаскесіне барып тіркеліп, көшбасшыларына дауыс берді. Соңында студенттер жастар жазғы мектебінің президентін сайлады. Бұл алғаш рет дауыс беретін саулаушылардың құқықтық сауаттылықтарын арттыруға зор мүмкіндік бергені анық.

Өзгелердің жаңалығы