Жамбыл облыстық "Қазсушар" филиалының басшысы қызметінен босатылды

16 Қыркүйек 2024, 17:42
328
Бөлісу:
Жамбыл облыстық "Қазсушар" филиалының басшысы қызметінен босатылды
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі

Министрлік жүргізген аудит қорытындысы бойынша Жамбыл облыстық «Қазсушар» филиалының басшысы қызметінен босатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ішкі аудит қорытындысына сай Жамбыл облысы бойынша «Қазсушар» филиалының директоры мен Аса өндірістік аймағының басшысы қызметінен босатылды. Бұдан бөлек, филиал директорының орынбасары мен Қордай, Байзақ, Меркі өндірістік аймақтарының басшылары қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 

Еске салсақ, осыған дейін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасы бойынша министрліктің Ішкі аудит департаменті Жамбыл облысы бойынша «Қазсушар» филиалына тексеріс жүргізген болатын. Анықталған құқық бұзушылықтарды одан әрі қарау үшін аудит материалдары ҚР Бас прокуратурасына жіберілді. Бұл жұмыстар судың «көлеңкелі» нарығымен, су саласындағы заңсыз әрекеттермен күресу және тәртіп пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін жүзеге асырылуда. 

Айта кету керек, мекеменің өзге аймақтардағы филиалдарында да тексеріс жүргізіледі. Министрлік мамандары Жамбыл облысында жүргізген аудит барысында су ресурстарын заңсыз пайдаланудың 10-ға жуық фактісін, сондай-ақ шаруалармен суармалы су беру келісімшарттарын жасау барысында заң бұзушылықтарға жол бергенін анықтаған болатын.

Су ресурстарын заңсыз пайдалану фактілерімен күрес жалғасады. Ол үшін менің тапсырмам бойынша министрлік жанынан арнайы комиссия құрылып, «Қазсушар» филиалдары мен бассейндік инспекцияларға тексеріс жүргізеді. Заңсыз әрекеттерге міндетті түрде тосқауыл қойылып, құқық бұзушылар мен лауазымды қызметкерлер жауапкершілікке тартылады. Біз су ресурстарын пайдалануды бақылауды күшейтеміз, - деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің аппарат кеңесінде ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов.

Өзгелердің жаңалығы