Жамаубаев салықтар бойынша жоспар 17 млрд теңгеге асыра орындалғанын айтты

14 Қыркүйек 2021, 09:40
3063
Бөлісу:
Жамаубаев салықтар бойынша жоспар 17 млрд теңгеге асыра орындалғанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында айтты.

Мемлекеттік бюджетке 7 трлн 139 млрд теңге сомасында кіріс түсті немесе жоспар 105,3%-ға атқарылды. Республикалық бюджетке 4,6 трлн теңге түсті. Кірістер бойынша жоспар 30 млрд теңгеге асыра орындалды, оның ішінде салықтар - 17 млрд теңгеге асыра орындалды. Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомалары ішкі өндіріс тауарларына салынатын қосылған құн салығына, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салыққа, корпоративтік табыс салығына тиесілі болды, - деді ол.

Ол атағандай, шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы бойынша жоспар орындалмады.

Бұл Теңіз кен орнында күрделі жөндеу жүргізілуіне және шикі мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне байланысты болады. Импортқа қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмауы өткен жылдың 7 айымен салыстырғанда үшінші елдермен тауар айналымының 6,7%-ға немесе 875 млн долларға, оның ішінде шілде айында импорт көлемінің 26%-ға немесе 645 млн долларға төмендеуіне байланысты болды, - деді Жамаубаев.

Ол атап өткендей, салықтық емес түсімдер бойынша жоспардың асыра орындалуы негізінен мемлекеттік органдар салатын айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар және өндіріп алулар есебінен қамтамасыз етілді.

Жергілікті бюджеттердің кірістері 115%-ға атқарылды және 2 трлн 547 млрд теңгені құрады. Жоспар 332 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 280 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар барлық өңірде асыра орындалды, - деді министр.

Өзгелердің жаңалығы