Жоспар артығымен орындалды – Жамаубаев

12 Сәуір 2021, 11:12
1889
Бөлісу:
Жоспар артығымен орындалды – Жамаубаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «ҚР 2021 жылғы қаңтар-наурыз айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы» тақырыбында өткен ҚР Үкіметінің отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты.

Оның сөзінше, мемлекеттік бюджетке 2 трлн 219 млрд теңге сомасында кіріс түсті немесе жоспар 111,4%-ға атқарылды. Ал, республикалық бюджетке 1 трлн 351 млрд теңге сомасында кіріс түсіп, жоспар 101,2%-ға атқарылды.

Жалпы кірістер бойынша жоспар 16 млрд теңгеге артығымен орындалды. Оның ішінде салықтар 5 млрд теңгеге атқарылмады, салықтық емес түсімдер 20 млрд теңгеге асыра орындалды. Салықтар бойынша негізгі атқарылмау сомасы іште өндірілген тауарларға салынатын қосылған құн салығына және корпоративтік табыс салығына тиесілі, - деді ол.

Министр іште өндірілген тауарларға салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспардың атқарылмау себептеріне де тоқталды.

Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда қосылған құн салығын қайтарудың 2,2 есеге немесе 232,6 млрд теңгеге өсуі және «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесі деректеріне сәйкес сату бойынша айналымдардың 2%-ке немесе 525 млрд теңгеге азаюы құн салығы бойынша жоспардың атқарылмауына себеп болып отыр, - деді ол.

Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 2021 жылғы 1-тоқсанда 753 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 38%-ке немесе 86 млрд теңгеге азаюына байланысты. Сонымен бірге, жоспар импортқа салынатын қосылған құн салығы, пайдалы қазбалар өндіруге салынатын салық және шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша артығымен орындалды.

Жоспардың асыра орындалуы өткен жылғы бірінші тоқсанмен салыстырғанда үшінші елдермен импорт көлемінің 9,4%-ға ұлғаюына байланысты болды. Пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша жоспардың асыра орындалуына 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2020 жылғы 4 тоқсандағы негізгі экспорттық позицияларға бағаның орташа 11,2%-ға ұлғаюы әсер етті. Жергілікті бюджеттердің кірістері 132,1%-ке атқарылды және 868 млрд теңгені құрады, - деді министр.

Ол сондай-ақ, жоспар 211 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 189 млрд теңгеге асыра орындалғанын атап өтті. Оның сөзінше, барлық өңірлерде кірістер бойынша жоспарлар артығымен орындалды.

Өзгелердің жаңалығы