Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжіліс депутттары карантин кезінде митинг туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жіберді.
Жалпы заңңың толық атауы - "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" деп аталады.
Бүгін Мәжілісте заң жобасы туралы баяндаманы жұмыс тобының мүшесі, депутат Қанат Мусин жасады.
Заң жобасы қолданыстағы нормативтік актілерді "ҚР бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заң жобасына сәйкес келтіруге бағытталған. Атап айтқанда, депутаттар әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабына бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауаптылыққа қатысты түзетулер енгізді, - дейді Қанат Мусин.
Ол парламент пен үкімет алдында жалғыз адамдық пикет өткізуге болатынын айтты.
Пикет түріндегі бейбіт жиындарды тек арнайы орындарда емес, басқа кез келген жерде өткізуге рұқсат беріліп отыр. Тек заңмен тыйым салынған орындарда ғана пикет ұйымдастырылмайды. Мұндай орындардың толық тізімі жұмыс тобының жаңадан енгізген бабында көрсетілген. Осы тұста бұл тыйым салынған тізімде үкімет пен парламентті қоса алғанда, бірде-бір мемлекеттік орган жоқ екенін атап өткім келеді, - дейді депутат.
Заң жобасында пикеттер, митингілер, жиналыстар нысанындағы бейбіт жиналыстарды өткізу үшін бірқатар талап бар. Олар қала мен ауылдың орталық бөлігінде орналасуы керек. Сосын бейбіт жиын өткізгісі келетін азаматтар жергілікті билікке алдын ала хабар берсе жеткілікті. Бұрынғыдай әкімдіктен рұқсат алудың қажеті жоқ. Егер жергілікті атқарушы органның жауабы болмаған жағдайда, бейбіт жиналысты өткізу "үнсіз келісім бойынша келісілді" деп есептеледі.
Заң жобасында бейбіт жиналыстарды мамандандырылған орындарда ғана өткізу көзделеді. Ол жағын жергілікті мәслихат шешеді. Мамандандырылған орындар ұйымдастыру қолайлығы, қатысушылар мен ұйымдастырушылардың инфрақұрылым нысандарын пайдалану мүмкіндігі, санитарлық нормалар мен ережелердің сақталуы, бейбіт жиын ұйымдастырушылары мен қатысушыларының, басқа да адамдардың қауіпсіздігі сақталуын қарастыруы тиіс, - дейді Қанат Мусин.
Оның айтуынша, бейбіт жиналыстарды өткізу туралы хабарламаны беру мерзімі – бес жұмыс күніне дейін, ал демонстрация, шеру нысанындағы бейбіт жиналыстарды өткізуді келісуді алу туралы өтінішті беру мерзімі он жұмыс күніне дейін қысқартылды. Осыған байланысты, жергілікті атқарушы органдар осы құжаттарды, тиісінше үш және жеті жұмыс күні ішінде қарауға тиіс.
Сондай-ақ, Мәжілістегі жұмыс тобы митингке қатысушылар санына шектеу қойылуына байланысты өзгеріс енгізді. Алғашында жоспарланған адам санынан асып кетсе, бейбіт жиынды мәжбүрлеп тоқтату туралы бап болған. Енді адам саны митингке қатысушылардың немесе көшедегі басқа адамдардың өміріне қауіп төндірген жағдайда ғана тоқтатылады.