Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚМА Павлодар облысы бойынша департаментінің қызметкерлері шот-фактураларды заңсыз жазып беру фактілерінің жолын кесті.
Тергеу барысында азаматтар В.Р. Легин мен С. А. Рыжаков жалған тұлғаларға ресімделген 13 компания құрғандығы анықталды, содан кейін материалдық пайда табу мақсатында 2019 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңде осы компаниялардың атынан бірқатар заңды тұлғаға жалпы сомасы 6,5 млрд теңгеге жалған шот-фактуралар жазып берген, - делінген агенттік хабарламасында.
В.Р. Легин мен С.А. Рыжаковтың қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде мемлекетке төленбеген салықтар түрінде 2 млрд теңгеден астам сомаға залал келтірілді.
Сот екеуін де кінәлі деп тауып, Легин Вильгельм Робертович пен Рыжаков Сергей Александровичті 2 жыл 9 айға бас бостандығынан айырып, Легиннен 13 млн теңгеден астам ақша тәркілеу туралы үкім шығарды.