Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өскемендегі сауда орталықтарының бірінде жарылғыш зат жасырылғаны туралы жалған ақпарат таратқан жас жігіт бас еркіндігінен айырылды, деп хабарлайды altaynews.kz.
Облыс орталығының 21 жасар тұрғыны жалған ақпарат таратып, елді дүрліктіргені үшін үш жыл бас еркіндігінен айыру жазасына кесілді. Мас күйде болған ол ұялы телефоны арқылы Өскемендегі Жедел басқару орталығына қоңырау шалып, қаладағы сауда орталықтарының бірінде террористік акт дайындалып жатқаны жайлы жалған ақпарат берген. Сондай-ақ, ол жарылғыш заттың нақты қай жерде жасырылғаны туралы ақпаратты айтпаған.
Тіркеуге қойған кезде оған бас еркіндігінен айыру жазасының ережелері мен талаптары, өзінің құқықтары мен міндеттері түсіндірілді. Қазіргі уақытта сотталушы өз жазасын өтеп жатыр, – дейді Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты Солжағалау пробациялық қызметінің психолог маманы Мөлдір Қабибиева.
Оның айтуынша, аталған сотталушыға психологиялық диагностика түріндегі әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетілген екен. Қазірде өзінің теріс әрекетін жан-жақты түсінген ол, түзу жолға түсіп, жеке кәсіпкерлігін ашқан.