Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасына кім қатыса алатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі таңда министрлік тұрғын үйге кезекте тұрған халықтың осал топтарына жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялау бағдарламасын жүргізіп жатыр. Бұл бағдарлама азаматтардың әлеуметтік осал топтарына жеке тұрғын үйді жалға алу ақысының 50% көлемінде субсидия төлеуді көздейді. Ал жалға алу құнының қалған 50%-ын алушылар өздері төлейді, - делінген вице-министрдің депутаттарға берген жауабында.
Бағдарламаға кім қатыса алады
Төрт санат бойынша тұрғын үйге кезекте тұрған қазақстандықтар мемлекеттің қолдауына үміткер бола алады:
1. І және ІІ топтағы мүгедектер;
2. мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
3. жетім балалар;
4. көп балалы аналар, көп балалы отбасылар.
Сонымен бірге Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 147-бабына сәйкес, азаматтар мен заңды тұлғалардың азаматтық құқықтары мен мiндеттерiн белгiлеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған әрекеттерi мәмiлелер деп танылады. Демек тұрғын үйді жалға алу азаматтық-құқықтық мәмілелерге жатады және азаматтық-құқықтық қатынастар шеңберінде реттеледі.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаттары жалға берілетін тұрғын үй нарығына қатысты сауал жолдаған болатын.