Жалақысы 1 млн, пәтері 800 млн: Депутат Дубайдағы мүлікке күмән келтірді 

Мәжіліс кулуарында депутаттың айтуынша, мәселе қазақстандықтардың Дубайда пәтерінің бар-жоғында емес, оны қандай қаржыға сатып алғанында.

 ©BAQ.KZ архиві/Олжас Адай Бүгiн 2026, 13:50
Бүгiн 2026, 13:50
313
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Олжас Адай

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Дубайдан пәтер сатып алған қазақстандық бұрынғы шенеуніктердің мүлкіне қатысты қоғамда туындаған сұрақтарға пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Мәжіліс кулуарында депутаттың айтуынша, мәселе қазақстандықтардың Дубайда пәтерінің бар-жоғында емес, оны қандай қаржыға сатып алғанында.

Мәселе – Дубайдағы пәтердің өзінде емес. Қазақстандықтарды мазалайтын сұрақ – бұл мүлікті олар қалай алды? Біздің елде көпшілік қарапайым пәтер ала алмай жүр. Ал Дубайдағы пәтерлердің бағасы өте жоғары. Сондықтан кейбір ақпараттарды мемлекеттік органдар растауы тиіс. Егер ресми қорытынды қолыма түссе, бұл мәселе бойынша бірінші болып сөз сөйлейтін адам мен боламын. Активтерді қайтару мәселесінде де алғашқы болып пікір білдіремін, – деді Бақытжан Базарбек.

Оның сөзінше, Дубайдағы пәтерлердің заңды немесе заңсыз алынғанын нақты айту үшін ресми құжаттар қажет.

Бұрынғы шенеуніктер сатып алған пәтерлердің заңды не заңсыз екенін мен қазір растай алмаймын. Мысалы, олар әкім болып жұмыс істеді делік, жалақысы шамамен 1 миллион теңге болды. Ал Дубайдағы пәтердің бағасы 500-800 миллион теңге шамасында. Мұндай мәселені нақты талдау үшін мемлекеттік органдардың ресми құжаттары керек, – деді депутат.

 

Наверх