Жалақы мөлшері тағы 25 пайызға артты

2 Тамыз 2022, 14:00
3263
Бөлісу:
Жалақы мөлшері тағы 25 пайызға артты

Биыл Ақтөбе облысында халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің жалақысы 50 пайызға артып отыр, деп хабарлайды Ақтөбедегі BAQ.KZ тілшісі.

Жыл басында 25 пайызға еңбекақысы көбейіп, қуанған қызметкерлер шілде айында тағы да 25 пайызға жоғары жалақы алды. 

Жалпы бұл қуанышты жаңалық тек Ақтөбе облысында ғана емес, еліміздің барлық дерлік өңірінде болып отыр. 

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының омбудсмені Майра Айсинаның айтуынша, жалақыны көбейту мәселесі елімізде жүзеге асырылып жатқан «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспары аясында шешілген.

Жыл сайын елімізде әр сала мамандарының жалақысы артып келеді. Осыған орай биыл  «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы басшылығы өз қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту үшін осындай қадамға барды. Бұл қадам нәтижелі жұмыс істеу үшін жасалынып жатыр. Өздеріңізге белгілі, биылғы жылдың қаңтар айында корпорация қызметкерлердің жалақысын 25 пайызға көбейтті. Міне, 1 шілдеден бастап жалақы мөлшері тағы да 25 пайызға артып отыр. Осылайша биыл «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мамандарының еңбекақысы 50 пайызға дейін артты. Бұл — қызметкерлер үлкен қуаныш, — дейді ол. 

Оның айтуынша, бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жеке және заңды тұлғаларға қызметтерді барынша жеңілдету және оңтайландыру үшін «Бір терезе», «Бір өтініш» проактив қағидаты бойынша бірыңғай провайдер есебінде қызмет етіп келеді. 

Өкінішке қарай, мемлекеттік корпорация қызметкерлері мекеме құрылғаннан бүгінге дейін белгілі бір статуссыз қалды. Олар мемлекеттік қызметшілер жатарына жатпайды. Алайда мамандарымыз халыққа қызмет көрсетіп, олардың мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырмай, кез келген анықтаманы оңай алуына, қаражатын айтарлықтай үнемдеуіне қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда корпорациямызда еңбекақыны арттырудың нәтижесінде қызметкерлердің жалақысы 150 мың теңгеге жетті. Мемлекеттік корпорацияның басшылығы бұған ішкі шығындарды оңтайландыру және бизнес-процестерді автоматтандыру арқылы қол жеткізіп отыр. Қазіргі инфляция мен ірі қалалардағы қымбатшылықты ескерсек, жалақы бұдан да әлдеқайда жоғары болуы керек. Бұл мәселені бұған дейін Парламент депутаттары да көтерген еді. Осыған орай алдағы уақытта қызметкерлердің еңбекақысын арттыру және мәртебесін айқындау мәселесі Үкімет тарапынан тиісті назарға алынады деп сенеміз, — дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының омбудсмені Майра Айсина.

Айта кету керек, корпорация қызметкерлерінің айтуынша, олардың жалақысы бұған дейін 85-115 мың теңге аралығында болған.

Майра Айсинаның айтуынша, бүгінде еліміз бойынша корпорация құрамында 20 филиал, 328 фронт және 442 бэк-офис, 68 халыққа қызмет көрсету орталығы бар. Оларда барлығы 22 мыңға жуық адам жұмыс істеп жүр.  

Өзгелердің жаңалығы