Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов білім-ғылым саласындағы оң өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Білім мен ғылым саласын дамыту ең алғашқы күннен бастап Президенттің басты назарында. Мен мұны осы саланы басқарған адам ретінде толығымен айта аламын. Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында білім мен ғылым мәселелерін шешу бойынша кешенді, әрі нақты шаралар қамтылды, - деді депутат.
Аймағамбетов соңғы бір жылдың ішінде бұл бағдарлама сапалы және нәтижелі орындалып, миллиондаған баланың тағдырына оң әсерін тигізіп жатқанын айтты.
Депутат басты бағыттарға тоқталып өтті.
- Көптен бері ата-аналар көтерген - 1-4 сынып оқушыларына тегін тамақ беру мәселесі оң шешімін тапты. Бюджеттен 100 млрд тенгеден астам қаражат бөлінді. Бұл бір жағынан өскелен ұрпақтың денсаулығына оң әсері болса, екінші жағынан жақсы әлеуметтік қолдау.
- Тағы бір керемет бастама. Біз талдау жасағанда 100 мыңнан астам баланың балабақшаға бармақ түгілі, кезекке де тұрмағанын көрдік. Неге? Өйткені балабақша тегін болғанымен, онда тамақ ішу үшін айына орта есеппен алғанда 15 мың теңгені ата-ана төлеуі керек. Бұл күйзеліс жағдайындағы көптеген отбасының бюджетіне салмақ түсіргендіктен, олар балаларын тіпті кезекке де қоймай, балабақшаға да бермей, бірден мектепке жіберетін. Енді, міне, Президенттің шешіміне сәйкес 97 мыңнан астам баланың тамақтануы бюджет есебінен төленетін болды. Теңгерімді тамақтанудың арқасында балалардың денсаулығы жақсарып, тәрбиесі қолға алынды.
- Мектептердегі орын тапшылығын шешу үшін «Жайлы мектеп» жобасы басталды. 2,4 трлн теңгеге 800 мыңға жуық оқушыға арналған мектептер қолданысқа беріледі. Тағы бір ерекшелігі бұл мектептер бұрын салынған мектептердей емес, Назарбаев зияткерлік мектептері, Бином мектептері сияқты материалдық базасы мен мүмкіндіктері жоғары мектептер енді шалғай ауылдарда да, қалаларда да, бірдей бой көтереді.
- Биылғы қырқүйек айынан бастап балабақшалардың 97 мың тәрбиешісінің жалақысы 30% өсті. Жалпы 2020 жылдан бері жалақы 2 есе өсіп отыр. Әлі де өседі.
- Колледждерде тегін мамандық беру үшін гранттардың саны 97 мыңнан 133 мыңға дейін артты. Сәйкесінше университтерде оқу үшін грантардың саны жыл сайын 5 мыңға ұлғайып отыр.
- Стипендия мөлшері де артып келеді. Мысалы осы қырқыйектен бастап колледж студенттерінің стипендиясы 50% өссе, университет студенттерінің стипендиясы 20%, магистранттардың стипендиясы 15% өсті. Докторанттардың стипендиясы 2019 жылы 82 мың болса, қазір – 217,5 мың теңге.
- Мектеп мұғалімдерінің жалақысы Президент айтқандай 2 есеге артты. Университет оқытушыларының жалақысы да кезең-кезеңмен көтеріліп келеді. Келесі жылдың бюджетінде ол үшін 26 млрд теңге қарастырылған.
- 2019 жылдан бастап жыл сайын ғылымға бөлінген қаражат еселеп өсіп келеді. Сәкесінше ғалымдардың жалақысы да 2 есе артты, тұрақты жалақы төлеу үшін заңға арнайы түзетулер енгіздік. Депуттардың бастамасымен жаңа «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы дайындалып, ғылымды дамытудың тың тәсілдері енгізіледі.
- Университтердің базасында Академиялық ұтқырлық орталықтарын ашу үшін келесі жылдың бюджетінде қаражат қарастырылды.
- Балаларға тегін үйірмелерді ұсыну үшін 100 шығармашылық орталық, оқушылар сарайын ашу жұмысы басталып кетті. Бұған қоса 50 сауықтыру орталығын салу жоспарланып отыр.
- Ерекше балаларды қолдау да ерекше назарда. ПМПК-лардың саны 100-ге жетіп, оңалту кабинеттерінің саны 210-ға жетті.
Бұл тек қана Президенттің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында белгіленген бастамалардың бір бөлігі ғана. Нәтижесі айқын, миллиондаған бала оның жемісін көріп жатыр. Ең бастысы, олар жан-жақты сараптамадан өтіп, кезең-кезеңімен жоспарлы түрде іске асырылып жатыр, - деп айтты Асхат Аймағамбетов.