Жалақының өсуі ректорлар немесе министрлік жұмысының нәтижесі емес – Аймағамбетов

20 Қазан 2020, 12:14
2891
Бөлісу:
Жалақының өсуі ректорлар немесе министрлік жұмысының нәтижесі емес – Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов аппарат жиналысында жалақыны өсіру бойынша ақпаратты дұрыс жеткізуді тапсырды.

Жалақының өсуі өте маңызды. Жалақының өсуі ректорлар, министрлердің немесе министрліктің жұмысының нәтижесі емес. Біз осыны дұрыс түсіндіруіміз керек. Бұл Мемлекет басшысының берген тапсырмасы. Біз көбінесе осы мәселені дұрыстап жеткізбейміз. Егер Мемлекет басшысы тапсырма беріп, бюджеттен тиісті қаражат бөлінбесе, онда жалақының өсуіне де мүмкіндік болмайды. Сондықтан ақпаратты дұрыс беру өте маңызды. Көбіне әріптестерімізге осы ақпарат дұрыс жетпей жатады. Тағы да қайталап айтамын, жалақының өсуі – бұл Президенттің тапсырмасы. Ол ректордың әлде министрліктің арқасында болған шаруа емес. Осыны дұрыс қабылдау керек, - деді БҒМ басшысы.

Министр айтқандай, берілген тапсырма – жалақыны 25%-ға өсіру. 

Университеттердің басым көпшілігі тапсырманы дұрыс деңгейде орындап отыр. Кей университеттер толығымен орындамаған. Осы университеттердің директорлар кеңесінің төрағаларына тапсырма беремін. Аталған мәселені кеңесте қарап, осы сұрақты жабуымыз керек. Әсіресе, педагогикалық университеттерде жалақының өсуі басқа университеттерге қарағанда әлдеқайда жоғары. Не себепті? Өйткені Президенттің тапсырмасы бойынша педагогикалық университеттердің оқуының құны, бюджеттен беріліп отырған гранттың құны басқа университеттермен салыстырғанда көбірек. Сондықтан бұл педагогикалық мамандықтар бойынша жалақының өсуіне мүмкіндік берді, - деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.

Ол педагог мәртебесі бойынша жалақының өсуі бәріне мәлім екенін айтты. 

Қаңтар айынан бастап 25%-ке өсті. Қыркүйек айында да көбейді. Келесі жылы қаңтар айында да артады. Мұның бәрі Президенттің тапсырмасының аясында. Бұл Білім басқармасы, министрлік, басқа тұлғаларға байланысты емес. Бюджеттен қыруар қаражат бөлініп жатыр. Бұл алдыңғы жылы Мемлекет басшының тамыз кеңесінде берген тапсырмасының шеңберінде атқарылып жатыр, - деді білім басшысы.

Аймағамбетов педагогикалық мамандықтар бойынша стипендия бір жылдың ішінде 20 мыңнан 42 мың теңгеге дейін өскенін жеткізді. 

Ал үздік оқитындар 48 мың теңгеге дейін стипендия ала алады. Бұл бір жылдың ішіндегі өзгерістің арқасында болған шаруа, - дейді министр.

Стипендия 20 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін өсті:

- Педагогикалық мамандықтар 20 мыңнан 42 мың теңгеге дейін өсті;
- Басқа мамандықтар бойынша 20 мың теңгеден 26 мың теңгеге дейін өсті;
- Магистранттар 53 мың теңгеден 66 мың теңге, үздіктері 76 мың теңге алады. 
- Докторанттар стипендиясы 81 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін өсті

Педагогикалық мамандықтар бойынша шекті балды 70-ке дейін өсірдік. Талапты күшейттік, ары қарай да осы жұмыс өз жалғасын табатын болады, - деді Асхат Аймағамбетов атқарылып жатқан жұмыстар туралы аппарат жиналысында.

Өзгелердің жаңалығы