Жалағаш ауданында жылыжай өндірісі дамып келеді – Қызылорда облысы

27 Мамыр 2021, 20:02
2326
Бөлісу:
Жалағаш ауданында жылыжай өндірісі дамып келеді  – Қызылорда облысы
Фото: автордан

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылордалық Дәнбай Алпысов 3 жылдан бері жылыжай ісін дөңгелетіп келеді. Жалағаш ауданына қарасты Еңбек ауылының тұрғыны «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарлама аясында 2 млн теңге қайтарымсыз қаражат алып, жылыжай құрылысын бастаған. 

Ауыл тұрғыны 2019 жылы көлемі 150 шаршы метр болатын жылыжай құрылысын аяқтап, онда қияр егіп бастайды. Әдепкіде кәсіпкер бұл өнімнің «Ансор» сұрыпынан 200 түп егіп, ауыл тұрғындарын жергілікті өніммен қамтамасыз еткен. Жаңа жылыжайдан шыққан өнімге ауыл тұрғындары тарапынан сұраныс көп болғандықтан, кәсіпкер өткен жылы өнімнің көлемін арттырды.

Дәнбай Алпысов өнім көлемін арттырып ғана қоймай, сондай-ақ оның сұрпын да түрлендірген. Кәсіпкер биыл жылыжай ішінде 300 түп «Суперина Ф-1» сұрыпын еккен. Сонымен қатар 1000 түп қызанақ егіп, ауыл және көршілес ауыл тұрғындарына көшеттің әр түбін 50 теңгеден сатқан.

Бағбанның өз ісіне құштарлығы соншалық, өткен жылы алғашқы өнімді қай уақытта алғанына дейін есінде қалған. Ол сол мезетті аса бір қуанышпен еске алады.

Кәсіп бастағалы бері жылыжай шаруасындағы әрбір іске, өзгеріске өте мұқияттылық танытамын. Өткен жылы бірінші өнімді 10-мамыр күні теріп алған болатынмын. Жалпы қияр бір шықса, мол өнім береді. Қазіргі таңда қиярға сұраныс көп, тіпті ауыл тұрғындарынан артылмайды. Сондықтан алдағы уақытта көкөніс астауларын көбейтіп, өнім санын арттыруды көздеп отырмын, – дейді Дәнбай Алпысов.

Жалағаш ауданында жылыжай өндірісі дамып келеді  – Қызылорда облысы

Бүгінгі күні бағбанның жылыжайында 12 астау бар. Кәсіпкер келер жылы астаулардың санын 18-ге жеткізуге жұмыс жасауда.

Кәсіпкердің айтуынша, ол биыл өз ісін кеш бастаған. Наурыз айында тұқым сепкен бағбан алғашқы өнімді мамыр айының ортасында алған. Ол жылыжайдан мол пайда болғандықтан бұл істі әрі қарай дамытуды көздейді.

Мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсібімді одан әрі дамытқым келеді. Алдағы уақытта тағы да қосымша жылыжай ашуды көздеп отырмын, – дейді кәсіпкер.

Жалағаш ауданында жылыжай өндірісі дамып келеді  – Қызылорда облысы

Бағбан Дәнбай Алпысов қазіргі таңда жылыжай ісін жетік меңгерген. Ол жылыжай ішіндегі көкөністерді күтіп-баптауда тиянақтылық танытады.

Жылыжай жұмысына таңғы бестен бастап кірісемін. Жылыжайға арналған қаптамалар жаз мезгілінде қолайсыздық тудырады. Себебі біздің климатта бұл жылыжай ішіндегі өсімдіктерді күйдіріп жіберуі мүмкін. Жаздың күндері жылыжайдағы өнімдерді сыртқа шығарып,басқа күтім жасаймын. Сондай-ақ қияр мен қызынақты бір жылыжай ішіне егуге болмайды. Себебі өнімдердің сапасына кері әсерін тигізеді. Бұл – менің пікірім емес, бұл – ғылыми тұрғыда дәлелденген дүние, - дейді Дәнбай Алпысов.

Кәсіпкер алдағы уақытта өз ауласынан тағы да жылыжай ашып, онда көкөністердің басқа түрін егуді көздейді.

Жыл санап жалағаштықтардың жылыжай ісіне қызығушылығы артып келеді. Тек ауыл тұрғындары ғана емес, сондай-ақ ауданда білім беру мекемелері де жылыжай жұмысына құлшыныс танытқан.

Жалағаш индустриялды аграрлық колледжі бірнеше жылдан бері жылыжай ісін жандандыруда. Білім ұясы мекеме ауласындағы шағын аумақты іске асырып, игілікке пайдалануда.

Колледж директоры Ғани Серікбаевтың айтуынша, жыл сайын жылыжайға қияр егіліп, шағын аумақтан бірнеше тонна өнім жиналады.

Жалағаш ауданында жылыжай өндірісі дамып келеді  – Қызылорда облысы

Білім ошағындағы бұл жылыжай тек өнім жинауда ғана емес, сонымен бірге колледждегі «Фермер шаруашылығы» мамандығы бойынша білім алушыларға да тәжірибе жинақтауға көп көмегін тигізеді. Болашақ бағбандар жылыжайды күтіп ұстап, ондағы көкөністердің бабын келтіріп отыр.

Жалағаш индустриялды аграрлық колледжінің 50 жылдан астам тарихы бар. Білім ұясында жылыжай кешені ашылғаннан бері білім алушылар, осы саланың маман иелері өз білімдері мен тәжірибелерін ұштастырып келеді. Өткен жылы қияр мен қызанақтан мол өнім жинаған едік. Биылғы жылы да жылыжайға ісі жанданып, биылғы өнімнің де мол болатындығына сенім мол. Жастардың жылыжай ісіне қызығушылығы жоғары. Болашақта осы бағыт бойынша кәсіп бастағысы келетіндер үшін де мол тәжірибе болары сөзсіз, - дейді Ғани Серікбаев.

Бастапқыда мамандар жылыжай ішіне қызанақ пен қиярды қатар еккен. Алайда көкөністердің тығыз орналысуы мен сапасының төмендеуіне байланысты олар өнімнің тек бір түрін ғана егуді қолға алған. Қазіргі таңда колледж жылыжайында тек қияр ғана егіледі.

 



Өзгелердің жаңалығы