Ақтөбе қаласында 107 жасқа келген кейуана тұрады. Ғасыр жасаған Жәкібай Бисенғалиева әлі күнге дейін шөберелерін бағады, сүйікті сериалдарын көреді, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Жәкібай әженің туған жері — Ақтөбе облысы бұрынғы Новороссийск ауданы (қазіргі Хромтау ауданы). Жастайынан еңбекке ерте араласқан ол осы аудандағы «Қазақ ССР-інің 10 жылдығы» ұжымшарында астық таразышысы, жер жыртушы, тракторшы, ауылдық кітапхананың кітапханашысы, сауыншы болып жұмыс істеген. Оның тыл еңбеккері болып еткен еңбегі еленіп, Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Кейуана сол медалін әлі кеудесіне тағып жүргенін айтады.
Менің көрмеген қиындығым, жасамаған жұмысым жоқ. Бірақ соның барлығына төзіп, міне, әлі күнге дейін ғұмыр кешіп келемін. Тағдырыма ризамын. Жолдасым Ғабит өз өмірінде үш соғысқа қатысты. Атап айтсам, басмашылар қозғалысына, Ұлы Отан соғысына және 1945 жылы Маньчжуриядан демобилизацияға аттанды. Қаншама ажалдың ортасында болса да, елге аман-есен оралды. Біз 60 жылдан астам уақыт тату-тәтті өмір сүрдік, үш бала сүйдік. Өкінішке қарай, екі балам о дүниелік болды, қазір жалғыз ұлым ғана бар. Алланың бұйыртуымен сол ұлдан тараған үш немерем мен жеті шөберемнің қызығын көріп отырмын, — дейді Жәкібай әже.
Кейуананың айтуынша, оның ұзақ жасауының сыры — белсенді, салауатты өмір салтында. Әлі күнге дейін үй ішінде тынбайтын Жәкібай әже көзілдірігін киіп алып, сүйікті сериалдарын көреді. Өз бөлмесінде отырып, құлаққаппен ән де тыңдайды. Кейде көңілі көтерілсе, немере-шөберелеріне есінде қалған естеліктерін де айтып бергенді жақсы көреді.
Жәкібай әженің жалғыз келіні Уәзипа Бисенғалиеваның айтуынша, кейуананың есте сақтау қабілеті жақсы. Баяғы әңгімелерді әлі де ұмытпайды. Тек құлағының аздап естімейтіні болмаса, денсаулығы қалыпты, үнемі қозғалыста жүреді.
Анамыз пандемия кезінде коронавируспен ауырып қалды. Біз қатты уайымдадық. Дегенмен бірнеше айда ауруынан айығып, қалыпты өмірге оралды. Қазір жағдайы жақсы, қуатты. Күнде сандығын ақтарып, қарайды, ұзақ уақыт бір жерде отырмайды. Балаларға өнегесін айтып отырады. Биыл тамыз айында 108 жасқа толады. Біз үшін анамыздың орны қашан да ерекше. Әр көктем сайын облыстағы белгілі азаматтар, жанашыр жандар осы мерекеде анамызға сый-құрмет көрсетіп келеді. Барша жанға анамыздың жасын берсін! — дейді Уәзипа Бисенғалиева.
Айта кету керек, кейуана кешегі күнге дейін сайлауға қатысып, өз учаскесіне барып дауыс берді. Биыл Жәкібай әже денсаулығына байланысты сайлауда дауысты үйден беретінін айтады. Жәкібай әже қазір немересі Данияр мен келіні Сандинаның қолында тұрады. Әжелерін ерекше жақсы көретін олар кейуананың қас-қабағына қарап, жағдайын жасап отыр.
Балаларыма ризамын. Өмір жасы ұзақ болсын! Мереке құтты болсын! Бәрі аман болсын, дендері сау болсын! Бай-балаларының рахатын көрсін! — деп көпшілікке ақ батасын берді Жәкібай әже сөзінің соңында.