Жаилғанова: Құрбан айт - конфессияаралық келісімді нығайтуға ықпал ететін мереке

31 Шілде 2020, 14:47
1255
Бөлісу:
Жаилғанова: Құрбан айт - конфессияаралық келісімді нығайтуға ықпал ететін мереке

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жаилғанова Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында қазақстандықтарды Құрбан айт мейрамымен құттықтады.

Баршаңызды келіп жеткен қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын! Құрбан айт халықтың бірлігі мен қоғамдағы конфессияаралық келісімді нығайтуға ықпал ететін шын мәніндегі маңызды мерекеге айналды. 

Рухани-адамгершілік қасиеттерді, тарихи дәстүрлер мен ұлттық әдет-ғұрыптарды бейнелейтін Құрбан айт тек мұсылмандарды ғана емес, бүкіл адамзатты мейірімділік, төзімділік пен құрмет көрсетуге шақырады. Адам баласының бақытты әрі мағыналы өмірін тек материалды игіліктер ғана құрамайды. 

Баянды бақытқа жетуде рухани негіздердің маңызды орын алатыны сөзсіз. Биыл коронавирус індетінің таралуына байланысты халықтың денсаулығын сақтау жолында көптеген мейрам мен іс-шараларды атап өту тоқтатылғаны баршамызға мәлім. 

COVID-19 індеті бізді көптеген дүниеге жаңа көзқараспен қарауға мәжбүр етті. Осы уақытта бір-бірімізге қамқорлық пен шыдамдылық үлгісін көрсету барынша маңызға ие. Бүгінгі Құрбан айт мерекесі рухани серпілісімізге себепкер болып, әрбір шаңыраққа құт-береке әкелсін. 

Баршаңызға зор денсаулық, береке, бақыт тілеймін! Айт қабыл болсын деп жазды Анар Жаилғанова. 

Өзгелердің жаңалығы