Жабайы қарасора 2 есеге көп жойылды - Жамбыл облысының прокуратурасы.

17 Қараша 2023, 19:12
549
Бөлісу:
Жабайы қарасора 2 есеге көп жойылды - Жамбыл облысының прокуратурасы.
Фото: gov.kz

Жамбыл облысы прокуратурасы Бас прокуратурасының келісімімен «Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл» Жобасын жүзеге асыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыстың географиялық орналасуына байланысты жекелеген проблемалық мәселелер осы аймаққа ғана тән.

Атап айтқанда, табиғи жағдайда әртүрлі есірткіні өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын жабайы қарасора жаппай өсетін «Шу алқабының» болуы, сондай-ақ көші-қон және жүк тасымалының айтарлықтай ағыны қарасораның республика мен жақын шет елдерде кеңінен таралуына ықпал етеді.

Жобаны іске асыру барысында заңсыз айналымнан алынған есірткілер саны 3 есеге (2,593 тоннадан 6,645 тоннаға дейін), синтетикалық есірткі 7 есеге (5 кг 207 гр-нан 35 кг 347 гр-ға дейін) артты, 200 кг прекурсорлар тәркіленді (2022 жылы – 0).

Қабылданған шаралармен Шу алқабында жабайы қарасора 2 есеге көп жойылды (110 тоннан 220 тоннаға дейін).

Жобаның негізгі жетістіктері мен нәтижелерінің бірі – республика тәуелсіздік алғаннан бері өзінің логикалық шешімін таппаған жабайы қарасора өсетін нақты алқаптарды айқындау (соңғы зерттеулер 1989 жылы жүргізіліп, Шу алқабындағы 138 000 гектар жерден жабайы қарасора өсу алаңдары анықталған).

Үш ай ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалының мамандары полиция өкілдерімен бірлесе отырып, облыс аумағын аралап, заманауи ұйымдастыру техникасын және Мемлекеттік жер кадастры ААЖ-ын (ААЖК) пайдалана отырып, зерттеулер жүргізді.

Мамандардың 08.11.2023 жылғы қорытындысы бойынша жабайы қарасора өсетін алқап 138 000 гектардан 62 057 гектарға дейін, яғни 2 есеге қысқарғаны расталды.

Қарасора өсетін әр аумақ пен жер пайдаланушылардың нақты GPS координаттары анықталды.

Атқарылған жұмыстың нәтижесінде өсудің алаңдары мен жер пайдаланушылардың нақты деректері өзектендіріліп, айқындалды, бұл келесі жылы полиция органдарының қарасораның өсу ошақтарын жою жөніндегі жұмысын мақсатты түрде ұйымдастыруға септігін тигізеді.

Бұл жабайы қарасора өсуінің нақты аудандарына жүйелі бақылауды жүзеге асыру және оның заңсыз айналымының жолын кесу арқылы есірткі қылмысына қарсы күресті мүлдем басқа сапалы деңгейде қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы